Құқық қорғау органдары

Жалған кәсіпкерге сот үкімі шықты

 

 

 

 

 

Игорь Устинов 2006 жылы “Профресурс” ЖШС ашқан. Құжат бойынша кәсіпорын түрлі құрылыс, автотасымал, тауар жеткізу жұмыстарымен айналысады екен. Алайда бұл тек қағаз жүзінде ғана болып шықты. Осындай жамылғының астында Игорь Устинов шын мәнінде түрлі кәсіпорындарға заңсыз есеп-шоттар жасап беріп отырған. Жеке пайдасын жоғары қойған бизнесмендер бұл арқылы табыстарын жасырып, мемлекет қазынасына салық төлемей жүрді. Ал Игорь Устинов қызметіне жүгінген компаниялардың кірісінің 5 пайызына дейінгі соманы қалтасына басып отырған. Сөйтіп тойымсыз кәсіпкер 3 жылдың ішінде дәл осы жүйе бойынша тағы 5 көлеңкелі серіктестік құрып, 300-ден астам кәсіпорынға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп үлгеріпті.

  Айгүл Молдыбаева, Петропавл қалалық сотының судьясы:
“Праймрегионинколтемстрой” серіктестігі Петропавлдың К. Сүтүшев көшесі 58 Б мекенжайы бойынша тіркелген. Ал шын мәнінде заң бойынша бұл “Риэлт групп” компаниясының кеңсесі екен. Оның директоры ол жерді аталған кәсіпорын жалдамағанын мәлімдеді.

Осылайша ауадан құрылған кәсіпорынның заңсыз келісімдерінен мемлкетке келтірілген шығын 3 млрд. 700 млн. теңгеден асып жығылады. 2009 жылдың тамызында көлеңкелі бизнес қаржы полициясына мәлім болып, Игорь Устинов қамауға алынды. 2 жыл бойы тергелген қылмыстық іс 111 томнан тұрады. Сезіктінің әріптестері тіпті Алматы, Астана мен еліміздің өзге де қалаларында табылып жатты. Сот процесінде 500-ден астам куәгер тыңдалды. Іске қатысы бар дәйектерді қорытып, сот үкім шығарды

Айгүл Молдыбаева, Петропавл қалалық сотының судьясы:
Сот Устинов Игорь Юрьевичтің жалған кәсіпкерлік, яғни ҚР ҚК 192 бабының 2-ші тармағы және бірнеше мәрте салықтан бұлтаруға жағдай жасағаны үшін ҚР ҚК 222бабына сәйкес жасаған қылмыстары үшін кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырады. 350 ЕАК мөлшерінде айып төлеуге мәжбүрлейді. Және бар дүниемүлкі тәркіленсін. 3 жыл кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырылсын.

 

Сондай-ақ жалған серіктестіктердің үш директорына қатысты да шешім шықты. Устиновтың сыбайластары жазаларын 2-3 жылға дейін шартты түрде өтейді. Әрбірі 200 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр. Алайда бұнымен істің нүктесі қойылған жоқ. Іске қатысты өзге де белгісіз тұлғалар анықталуда. Өйткені орта білімі ғана бар 2-ші топ мүгедегі Игорь Устиновтың жіті жоспарлап ұйымдастырылған көлеңкелі бизнесті жалғыз басқаруы екіталай.

Жеңіс Ермұқанов