Бизнес және экономика

Петропавлда елімізде бұрын-соңды болмаған аквапарк салынып жатыр

 

 

 

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз үшін оңай болған жоқ. Өзі еңбек етіп жүрген зауытта 1995 жылы қысқартуға түсіп, жұмыссыз қалғанда Сергей Леонтьев қарап отырмады. Алдымен Польшадан көлік тасымақ болды, бір жылдай бұл кәсіппен айналысты да. Бір жолы жеңіл көлігімен шетелден екі диван әкелді. Кейін өзі жасаған тіркемемен жиһаз таситын болды. Бірде жол шетінде сынып тұрған автомобилін жүк көлігі соғып кетті. Күл-паршасы шыққан жиһазды жөндеуге кіріскен Сергей Геннадьевич өзі осы істі кәсіп етпек болды. Бүгінде шетелдік жоғары өнімді қондырғылар тұрған цехтағы жұмыс қызған. Бұрынғыдай бірнеше күнде бір жиһаз емес, сағатына бірнеше данасын шығарады. Кәсіптің де, кәсіпткерліктің де қыр-сырын таныды. Кешегі мен бүгінгіні салыстыра алар жағдайға жетті.

  Сергей Леонтьев, кәсіпкер, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Мен украиналық, канадалық кәсіпкерлермен жиі араласамын. Украинада бүгінде кәсіпкерлікпен айналысу қиын. Бір кездердегі біздегідей ретсіз тексерістерден көз ашпайды. Ал біз бүгінде сайтқа кіреміз де қашан, қандай тексерістің келетінін біліп отырамыз. Бүгінде табысыңды жасырып әлек болмайсың.

Бұдан кейін шұжых цехы іске қосылды. Лимонад цехын ашудың да сәті түсті. Корпусты жиҺаз цехы бүгінде облыстың емдеу, білім беру мекемелерінің тапсырыстарын орындайды. Пластикалық терезелер цехының өнімі де сұранысқа ие. «Айсберг», «Тайга» сауда үйлері салынды. Тағы бір қолға алынған жоба – «Аквапарк» құрылысы. Сергей Геннадьевичтің төрт-бес жылдан бергі жоспары.

  Сергей Леонтьев, кәсіпкер, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Бұл жолы қала үшін аквапарк салмақшы болдым. Мұнда бала-шаға, ересектер, қарттар келе алады. Екі құламаның биіктігі 19,5 метрден, тағы екеуі 18,5 метрден. Ұзындығы 165 метр.

Құрылысты бастамас бұрын Сергей Геннадьевич үш жылдың ішінде әр елдегі 40 аквапаркті көріп шығыпты. Қазақстанда бұрын-соңды болмаған аквапаркке су құламаларын жасау үшін қондырғылар да жеткізілген. Тіпті, шкафтардың үлгілері де ыждахаттылықпен жасалуда.1000 адамдық аквапарк құрылысы Конституция күні қарсаңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпкер отандастарына республикалық мереке қарсаңында осындай үлкен сый жасамақ.

  Сергей Леонтьев, кәсіпкер, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:

-Мен осы елмен өмірлік байланыстамын. Шетелден жылжымайтын мүлік алып қоятын жағдайым болды. Менің біраз жолдастарым Испания, Ресейден үйлер сатып алды. Мен бар тапқанымды осы елде қалтырамын. Өйткені Қазақстанның болашағына сенемін. Мен осында өстім, бизнесімді дамыттым. Кәсіпкер атандым. Өзге елге кетуге моральдық құқығым жоқ.

Бүгінде кәсіпкердің қарамағында 400-ден аса адам еңбек етеді. Аквапаркті бастауына да бірден-бір себеп – қаржылық дағдарыста құрылысшыларды жұмыссыз қалтырмау болды. Есесіне, өңірімізде тағы бір зәулім әлеуметтік нысан бой көтеріп келеді.

Әсем Рахметова