Денсаулық сақтау

Күрделі оталар өз елімізде жасалып жатыр

 

Әлеуметтік саланы дамыту әуелде елімізде басым бағыт ретінде айқындалған. Тәуелсіздік алғаннан бері әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін кешенді істер қолға алынды. Бейбіт Мұстафина – саналы ғұмырын денсаулық сақтау жүйесіне арнаған жан. Кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары бүгінгі жағдайдың мүлдем өзгеше екенін айтады. Егемендіктің жиырма жылы ішінде денсаулық сақтау саласында орын алған өзгерістер молынан. Бұған еліміздің әр азаматы куә дейді дәрігер. Ең алдымен жүйені қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді.

  Бейбіт Мұстафина, “Кардиологиялық орталық” КМК бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
– 2001 жылы біздің аурухананың бюджеті 60 млн. ғана болатын. Қазір бұл көрсеткіш 770 млн. теңгені құрайды. 11 есеге жуық артық. Жыл сайын жалақымыз өсіп жатыр.

Бүгінде ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көңіл бөлінуде. Заман талабына сай қондырғылар дертті уақытында анықтап, дер кезінде қажетті ем-дом қолдануға мүмкіндік береді. Бұрын отандастарымыз ем іздеп шетел асуға мәжбүр болатын. Ал бүгінгі таңда күрделі оталардың өз елімізде жасалатыны қуантарлық жайт. Өткен жылы солтүстікқазақстандық кардиохирургтер жүрекке 265 операция жасаған. Ал үстіміздегі жылы төрт жүзден артық ота жоспарланыпты.

  Бейбіт Мұстафина, “Кардиологиялық орталық” КМК бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:
-Бұрын жүрекке ота жасаймыз деп кім ойлаған. Астанада бір ғана жерде жасайтын. Әйтпесе адамдар шетелге: Москваға, Новосібірге баратын. Енді өзімізде жасаймыз. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Мамандарымыз шетелге шығып біліктіліктерін арттырып оқып жатыр.

Сәуір айынан орталықта 35 орынға шақталған қосымша бөлімше ашылмақ. Сондай-ақ келесі айдан консультациялық-диагностикалық бөлімше жұмысын бастайды. Егемендіктің жиырма жылы ішінде өз қолымызбен жасаған игілікті істерді енді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр дейді дәрігерлер. Елбасы биылғы Жолдауында алдағы он жылдың бағыт-бағдарын айқындады. Бұл болашаққа сеніммен қарауға толық мүмкіндік береді.

 Айымгүл Әбілева