Билік

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 35-сессиясы

 

Петропавл қаласына республикалық бюджеттен бөлінетін трансферт көлемі артып, 785 млн теңгені құраған. Облыстық бюджеттен де қосымша 542 млн теңге қарастылып отыр. Сонымен қатар өткен жылдан қалған 250 млн теңге мен қаланың осы уақытқа дейін жиналған 121 млн теңге жеке табысы бар. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 35-сессиясында осы қаражатты тиісті салаларға бағыттау мәселесі қаралды.

Шынар Бәшірова, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:
-Республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат – бірінші кезекте еңбекпен қамту бағдарламасына, оның ішінде жалақыны субсидиялау мен жұмыспен қамту орталықтарын құруға бағытталады. Сонымен қатар республикадан бөлінген 372 млн трансфертке облыс орталығындағы су тарату жүйесі жаңартылып, жөнделеді.
Жас өркен, Солнечный, Береке жаңа аудандарына инженерлік коммуникация тартуға 338 млн теңге бағытталады.
 
Республикадан бөлінген қаражатқа Крепостной көшесіндегі негізгі су құбырын қалпына келтіру де жоспарланыпты. Өткен жылы «Жол картасы» бағдарламасына кірмей қалған Лесхоз кентіне су құбырын тарту жұмысы облыстық бюджет есебінен жүзеге аспақ. Сонымен қатар облыстан қарастылған қаржыға ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған шаралар ұйымдастырылмақ. Пестрое көлінің маңында бой көтеретін Тәуелсіздік саябағына да қаржы бөлінеді. Ал қаланың өз табысы есебінен төтенше жағдайлардан жапа шеккендер жәрдем алады.

Шынар Бәшірова, қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бастығы:
-Бұрындары жәрдемнің бұл түрі көрсетілмеген еді. Ендігі кезекте су тасқынынан немесе өрттен жапа шеккен отбасыларына 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетіледі.

 Қалалық әкімдіктегілер сонымен қатар бос қаражатты облыс орталығын қардан тазарту мен санитарлық жұмыстар жүргізіп, көпқабатты үйлердің аулаларын көгалдандыруға бағыттауды ұсынып отыр.

 Гүлмира Шоқтыбаева