Билік

Зинаида Бееваның мерейтойы

 

Зинаида Беева ақ қайыңдар өлкесінде дүниеге келіп, осы жерде өсіп-өнді. Солтүстік Қазақстанда білім алып, өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосты. 70-ті желкелеген еңбек ардагері құрметті демалысқа шықса да әлі де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүр.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Зинаида Сергеевнаның еңбек жолы Петропавл мен Мамлют қалаларындағы мектептердің меңгерушісінен басталды. 1963  жылдан комсомол, кейін партиялық қызметтерде жүрді. Кейінгі жылдары облыстық сайлау комиссиясының хатшысы боп қызмет етті. Бүгінде қоғамдық шаралардан шет қалмайсыз. Құрметті Зинаида Сергеевна, сіз қай салада қызмет етсеңіз де өзіңіздің кәсіби, ұйымдастырушылық, ең бастысы адамгершілік қасиетіңіздің арқасында үлкен беделге иесіз.  

40 жылдық еңбек өтілінің тең жартысын депутаттық қызметке арнаған Зинаида Сергеевна “Достық” орденімен, бірнеше медаль, кеуде белгілерімен марапаталыпты. Облысымызбен бірге жасап келе жатқан мерейтой иесіне өңір басшысы Құрмет грамотасын табыс етті. Зинаида Сергеевнаның қуанышына замандастары да ортақтасты.

Нэлли Иванова,еңбек ардагері:
Адам жетістіктері, өмір сүрген жасы мен еңбек өтіліне қарап бағаланбайды. Соңында қалдырған ізіне байланысты. Зинаида Сергевнаның әр қадамы жауапкершілік, жұмысына адалдық пен халық мұқтажына қажетті игі істерге толы болды. Мен оны қайсар жан деп айта аламын. 75 жасқа келіп қалса да мақсатына жету үшін алған бағытынан әлі де қайтқан емес.  

Облыстық комсомол ардагерлердің кеңесі мерейтой иесінің өмір жолы туралы  кітап басып шығарыпты.

  Зинаида Беева, еңбек ардагері:
Өмір деген сарқыраған өзендей зымырап өте шығады екен. Қап, әлі талай тың істерді атқарар едім ғой деп кейде қынжыламын. Кезінде оқудан соң мені Мәскеу комсомолына қызметке шақырды. Мен   бірден бас тарттым. Мен үшін туған жерімнің гүлденуіне еңбек ету мәртебе болды. Әлі де солай. Өмірімді өзгертуге енді бір мүмкіндік туса, мен дәл солай жауап беретін едім. Барлығына осы үшін үлкен алғыс білдіремін.  

Жеңіс Ермұқанов