Қылмыс

Ұрыларды қызметтік ит тауып берді



 

«КамАз» автокөлігінің қозғалтқыш блогының қолды болғаны туралы хабар 2-ші полиция бөліміне түскен.  Оқиға орнына жедел тергеу тобы және қызметтік иісшіл итпен кинолог шықты. Жәбірленуші ұрлықтың таң сәріде жасалғандығын айтып, қылмыс орнында қалып қойған іздерді көрсетті. Қар үстіндегі іздерді иіскеген Круз деп аталатын ит үй ауласынан жүгіріп шығып, Добролюбов көшесіне қарай бет алды.  Із тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшісін ұрлық жасалған жерден үш жүз метрдей жерде орналасқан үйге әкелді. Ұрланған зат та осы баспанадан табылды. Бірнеше сағат бұрын бір ер адам мен әйел көлік қозғалтқышын шанамен әкеліп, осы үйдің иесіне 4800 теңгеге өткізіпті. Ал жапа шегушінің айтуынша, бұл қозғалтқыштың құны 200 мың теңге екен. Көп кешікпей полицейлер күдіктілерді де ұстады.

  Нұржан Омаров, Петропавл қалалық ІІБ 2-ші полиция бөлімінің тергеушісі:
– Қылмыс жасалған аудан тұрғындарын тексеру барысында  сезіктілер анықталды. Олар жәбірленушінің көршілері болып шықты. Күдіктілер бұрын да ұрлық жасағандары үшін сотталған екен. Қазіргі кезде бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда.

 

 Жыл басынан облыстық ІІД кинология қызметі орталығының иісшіл иттерінің көмегімен 26 қылмыстың беті ашылған.

Айдана Демесінова