Әр түрлі

Жылжымайтын мүлікті рәсімдеу тәртібіне өзгерістер енгізілді

 

 

Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру, сату мен сатып алу жұмыстары бүгінгі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды. Ал соңғы өзгерістерге сәйкес мүлікті тіркеу жұмыстары азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдейтін болды. Бұрын қажетті құжаттардың соңында 10-15 күн жүру керек болса, қазір Әділет департаментінің мамандары оны 5 жұмыс күні ішінде дайындап береді. Кез-келген жылжымайтын мүлік 6 ай ішінде тіркелуі тиіс. Олай болмаған жағдайда азаматтар айыппұлдан қашып құтылмайды.

 Татьяна Горичева, СҚО Әділет департаментінің жылжымайтын мүлікке иелікті тіркеу бөлімінің бастығы:
 –   Жеке тұлғаларға 10-нан 20-ға дейінгі АЕК мөлшерінде, заңды тұлғаларға 20-дан 30-ға дейін АЕК шамасында айыппұл салынады. 2010  жыл ішінде облыста барлығы 208 әкімшілік іс қозғалды.

Облыстық әділет департаменті 2010 жылы 65 538 жылжымайтын мүлікті тіркеп, бюджетке 55 428 теңгеден аса қаржы құйыпты. Ал 2010 жылдың мамырынан бастап күшіне енген “Электронды үкімет” мемлекеттік бағдарламасы аясында қала мен аудан азаматтарына электронды түрде мәлімет беріліп келеді. Тек кәмелетке толмаған балалар мен шетелдіктер бұл қызметті қолдана алмайды.
Тағы бір өзгеріс мүлікті бағалаушылар қызметін жанап өтті. 2000 жылғы “Бағалаушылық қызмет жөніндегі” ҚР заңына сәйкес мемлекеттік лицензия алған әр азамат өз бетімен сол қызметті жүзеге асыра алатын. Бұдан былай ол облыстағы бағалаушылар палатасына мүше болып қабылдануы міндетті.

  Ирина Сактанова, СҚО Әділет департаментінің халыққа қызмет көрсету бөлімінің бастығы:
– Әр азамат 9 айдың ішінде осы палатаға мүше болуы тиіс. Ол арқылы азаматтар өз біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие болады. Яғни, бұл өз мүдделері үшін қажет.

Бүгінгі таңда облыста 23 заңды және 36 жеке тұлға мүлік бағалау ісімен айналысу үшін лицензия алса, аталған палатаға 36 адам ғана мүше.

 Кәусар Аяпбергенқызы