Білім

Үздік музыка педагогы

 

 

 

 

 

 

 

Руфия Савченко –  қазақтың біртуар әншісі, композитор Үкілі Ыбрай, Ақан серіні дүниеге әкелген Айыртау ауданының тумасы. Білім саласында 20 жылдық еңбек өтілі бар педагог туған жерінің дарынды жастарының шығармашылығын шыңдап жүр. Осы уақытта тәжірибелі ұстаздың көмегімен жүздеген жеткіншек музыка әлеміне бойлады. Біраз шәкірттері Руфия Савченконың жолын қуыпты.

 Руфия Савченко, музыка мектебінің оқытушысы, Айыртау ауданы:
– Мен оқушыларыды түрлі жанрдағы қызықты музыкаға үйретуге тырысамын. Бұл өзіне жанға жағымдысын таңдауға мүмкіндік береді. Мюзиклдер ұйымдастырып,  кейіпкер арқылы да дарынын ашуға тырысамын. Түрлі әдістемелік құралдар жаздым. Ал сайысқа жұмысымды түрлендіріп, оң әсер алу үшін өзге әріптестеріммен шеберлік алмасуға келдім.  

Руфия Савченко сынды байқауға келген барлық 8 сайыскер алғашқы турда өздерін таныстырды. Сондай-ақ қазылар алқасына оқушыны музыкаға үйретуге тиімді деп тапқан жеке тәсілдерінің артықшылықтарын дәлелдеуге тырысты. Ал келесі сында қосалқы пән оқытушылары фортепианода екі туынды орындап берулері керек болды, оның біреуі міндетті түрде қазақстандық композитордың шығармасы болуы шарт.  

 Елена Мещеркина, қазылар алқасының төрайымы:
– Педагог, біріншіден, теория мен тәжірибені бірдей жетік білуі қажет. Екіншіден, әр оқушының қызығушылығына қарай жеке жұмыс жасай алатындай тіл табысуы керек. Әртістік, шығармашылық тұрғыдан да бағалаймыз. Ең бастысы өмірлік мамандығын тартымды етіп жеткізе алатын жан-жақтылығын паш етуі шарт.

Бұл талаптарды мүлтіксіз орындап жан-жақтылығымен таныла білген № 8 мектеп оқытушысы Наталья Квимсадзе бас жүлде  иегері деп танылды. 1-ші орынды Есіл ауданының Корнеевка селосының музыка мектебінің педагогы Татьяна Елкина жеңіп алды. Үздік атанғандар келесі оқу жылында облыс намысын аймақтық байқауда қорғайтын болады.

 Жеңіс Ермұқанов