Денсаулық сақтау

Медициналық қызмет сапасы



 

  СҚО бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің өз араларында және емдеу мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізген жұмысының нәтижесі ауқымды. Өткен жылы медициналық мекемелерге 170 тексеріс жасалды. Олардың 112- не тұрғындардың арыз- өтініштері түрткі болған.

 Айгүл Алыпқарина,  ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің СҚО бойынша департаментінің бастығы:

-2010 жылы тексерістер нәтижесінде әкімшілік заң бұзушылық бойынша 21 хаттама толтырылды,  1 миллион 259 мың теңге айыппұл салынды.

Көрсетілген медициналық қызмет сапасына көңілдері толмағандардардан түскен 61 шағымның 26 пайызы негізді деп танылған. Бірақ бұл заңсыздықтар үшін емдеу мекемелерінің қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке ғана тартылған.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Қаншама заң бұзушылық болса да, барлығы қызметтерін жалғастырып жатыр. Көпшілігі айыппұл төлеумен құтылған.

12 материал құқық қорғау органдарына түскен. Бірақ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті қызметкерлерінің қолдары жетпеген тұстар да жетерлік көрінеді.

  Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:

-Айыртау аудандық аурухасында қайтыс болғандар қағаз жүзінде медициналық тексерістен өткен. Оларға бюджеттен қаржы, дәрі -дәрмек бөлінген.  Науқастардың бірі 2009 жылы шілдеде қайтыс болған, бірақ қағаз жүзінде өткен жылдың тамызында тексерістен өтіпті. Бір ғана ауруханада мұндай ондаған факті тіркелген.  

Ал облыстағы 230-дан аса мектептегі медициналық кабинеттердің лицензиялары жоқ. Жалпы бұл кабинеттерді жабдықтау мәселесін созуға болмайды.  

 

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Дәрі-дәрмектерді сақтауда қауіпсіздік шаралары ескерілмеген. Психотроптық заттары бар дәрілер ашық сөрелерде сақталған.

Мектептердегі дәрі-дәрмек қобдишаларынан осыдан 22- 23 жыл бұрын шыққан дәрілерді табуға болады. Бұл да прокурорлардың назарына іліккен айғақтар. Дегенмен, білім беру басқармасының бастығы Темірғали Әбілмәжіновтің айтуы бойынша жыл соңына дейін мектептердегі медициналық кабинеттердің құжаттары реттеліп, жабдықтау мәселесі шешілмек.
Ал Мамлют мен Есіл аудандарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қажетті шаралардың біразы атқарылып жатыр. Дегенмен өткен жылы Мамлют ауданында 4 шенеунік қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Есілдік 3 -еу де осы тізімге іліккен. Бір ауданда 12 айда 4 қызметкердің ісінің сотқа жетуі облыс прокуроры үшін аса қуантарлық көрсеткіш емес.

  Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:

-4 шенеунік сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталған. Әлі істері сотта жатқандар бар. Бір аудан үшін аз сан емес.

Аудан әкімдері көп жағдайда мамандардың құқықтық білімдерінің таяздығынан заң бұзушылықтардың орын алатындығын да жасырмайды. Сондықтан жыл өткен сайын мемлекеттік қызметшілерді оқыту мен қайта даярлау курстарында білім алатындардың қатары көбейген.

Әсем Рахметова