Балалар

«Жастар денсаулығы»

 
 

 

 

 

№ 1 кәсіптік лицей оқушылары сабақтан кейінгі үзілістерін әдеттегіден ерекше өткізуде. Олар бос уақыттарын пайдаланып дәрігерге қаралып жатыр. Ал жасөспірімдерді қабылдаушы ақ халатты жандар –  қалалық ауруханалардың білікті мамандары. Денсаулық сақшылары бұл білім ошағына «Жастар денсаулығы» акциясы аясында шақыртылыпты. Осылайша бойжеткендер мен бозбалалар көз, тері ауруларына тексеріліп, психотерапия саласында пайдалы кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

  Лариса Беляева, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі жөніндегі орталықтың директоры:
– Біздің ауруханаларда науқастардың жас ерекшелігі ескерілмеген, үлкені мен кішісі бір жерде тексеріледі. Ал жас толқын көбіне ересектермен кезекте тұрғысы келмейді. Сол себепті де қаралуға бармайды. Оның үстіне жыныстық ауруға шалдыққан жасөспірімдер дәрігерге көрінуден ұялады. Осы тұста жастар тексерілетін арнайы жеке орталық ашу керек деп ойлаймын.

Балалар психиаторы Юлия Маликова да бұл ұсынысты құптап отыр. Жастардың дүниетанымын жақсы білетін маман олардың ауруханаға жиі бас сұға бермейтінін табиғаттарындағы ұяңдықпен түсіндіреді. Юлия акцияның көптеген жасөспірімдерге көмегін тигізетініне кәміл сенімді.

  Юлия Маликова, балалар психиатры:
– Жастар көп аурудың жүйке жүйенің жұқаруынан болатынын білмейді. Сондықтан олар қайғы, реніш сынды сезімін ішіне жинай береді. Кейін оның бәрі денсаулығына кері әсер етеді. Жалпы дәрігердің көмегінен бас тартуға болмайды.  

Аңсар Жасұланов тексеруден өтіп болды. Ол өткен жылдан бері дене бітімінің біраз өзгергенін байқаған.

  Аңсар Жасұланов,  № 1 кәсіптік лицей оқушысы:
– Меніңше осындай шаралар өте пайдалы. Ауруханаға барсаң кезекте тұрар едің. Бізде көбіне уақыт бола бермейді. Сабақты да қалдырғымыз келмейді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселесі жөніндегі облыс орталығының мамандары болашақта мұндай акцияны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
Гүлден Сәрсенбаева