ТКШ

Қала көшелері қардан тазартылуда



 

Бензострой ауданындағы Волочаевский көшесінде қардың көптігі соншалық оны тазалауға келген трактордың өзі батып, әрең шықты. “Дорожник ашық аспан” ЖШС-ның 12 техникасы мен 15 шақты жұмысшысы мұнда бүгін таңғы 9-дан бастап 40 тіркемеге  жуық қар шығарыпты.

 Артур Аданян, “Дорожник ашық аспан” ЖШС шебері:
-Қарды Жұмысшы кентіндегі қоқысқа тасимыз. Мына көше тар болғандықтан көліктеріміз жол жиегіне түсіп кетіп жатыр. Бірақ жұмысымыз нәтижелі.

Осы маңның кей тұрғындары аулаларын да тазалап беруді сұрайтын көрінеді. Бірақ жұмысшыларға жол жиегіндегі қардың өзі жетіп артылады. Ал Халтурин  көшесінің тұрғыны Сабыржан Жабатов  осыған разы болып, үйінің маңын өзі тазалап жүр. Алдыңғы жылдары біз суға батып жатсақ та ешкім көмектеспейтін дейді қария.

 Сабыржан Жабатов, тұрғын:
– Жылда осылай, үйіп тастайды, сосын көктемде мына үйлер суға кетеді. Биыл уақытында тазалап жатыр, рақмет.

Бұл көшеде “Благоустройство-сервис” ЖШС еңбектеніп жүр. Тұрғындардың оларға алғыс айтуы тегін емес, бұл маңда соңғы 10 жылда алғашқы рет қар шығарылып жатқан көрінеді.

 Руслан Мақашев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:
– Қыс басынан бері бүгінге дейін қаладан 348 мың текше метр қар шығарылды. Жылда көктемде су басатын аудандарға техника бөлдік. Тазалау жұмыстары кесте бойынша жалғасатын болады.  

Қар шығаруға жұмылдырылған 5 кәсіпорыннан басқа тағы 3-уі кей аумақтарда көл болып жиналып қалған суды сору жұмыстарына жұмсалды. “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” кәсіпорыны «Қарасай» стадионы маңында түзілген көлшікті 1 жұма бойы кешіп жүр. Су әлі бітер емес. Ал жұмыс барған сайын көбейетін түрі бар.

 Леонид Михайлов,  “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК жүргізушісі:
-Біз суды қазір сорып аламыз, ал оны апарып төгетін жер өте алыс. Оған көп уақытымыз кетеді, жұмысшылар да жетіспейді. Енді бізге су төгетін жаңа жер іздеу қажет болып тұр.

Не бары 2 жұмыс күші таңертеңнен бастап қала бойынша 70 текше метр шамасында су сорыпты. Демалыс күндері олар Ойқала ауданына ойысып, еріген қар суын тасуға кіріседі.

 Кәусар Аяпбергенқызы