Өнеркәсіп

“Қазақстан инжиниринг” басшылары Петропавлға келді

 

 

 

Облыстағы машина жасау саласындағы 35 кәсіпорынның төртеуі “Қазақстан инжиниринг” компаниясы тарапынан басқарылады. Облыс әкімі Серік Біләлов пен компания басшыларының кездесуінде осы төрт зауыттың өткен жылғы жұмысы, алдағы күнге тапсырыс портфелі талқыланды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Бұл кәсіпорындар үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламасы аясындағы индустрияландыру картасын жүзеге асыруда белсенді жұмыс атқарып келеді. Өндіріс ошақтарында 3 мыңға жуық адам еңбек етеді. Орташа еңбекақы 60 мың теңгені құрайды.

Соңғы жылдары зауыттардың жағдайлары жақсаруда. Тапсырыс портфельдерімен қатар жұмысшылардың жалақылары да өскен.

Болат Смағұлов, “Қазақстан инжиниринг” АҚ президенті:

-Барлық зауыттар жұмысшылардың жалақыларын 10-15 пайызға өсірді. Сондай -ақ барлығы модернизациялау бағдарламаларын қолға алып отыр. Сондай-ақ зауыт басшылары кадрлар даярлау мәселесіне көңіл аудара бастады.

Төрт зауыттың барлығының алдағы үш жылға тапсырыстары бар. Үстіміздегі жылы зауыттар өткен жылғы межені басуды жоспарлап отыр. Кейбіреулері тіпті екі есеге өсіруді көздеген.

  Альберт Акеев, Петропавл ауыр машина жасау зауытының директоры:

-Жақында 1 миллиард теңгенің тапсырысын қабылдадық. Тағы 2,6 миллиардтың тапсырысы қарастырылып жатыр. Биыл жалпы 4-6 миллиардтың тапсырысын орындауды жоспарлап отырмыз.  

  Игорь Коровин, “ЗИКСТО зауыты” АҚ директоры:

– Бірінші тоқсанда 2,2 миллиард теңгенің жұмысын атқардық. Бірінші жартыжылдықта 4 миллиард теңгенің тапсырысын орындаймыз. Осылайша біз өткен жылы атқарылған жұмысты жарты жылда орындамақпыз. Келесі жартыжылдықта 5-6 миллиард теңгенің тапсырысы түседі деп ойлаймын.

Киров зауыты бірінші тоқсанда ғана 4 миллиард теңгенің тапсырысын қабылдаған. Жұмысшылардың еңбекақысын орташа 20 пайызға өсірген. “Мұнаймаш” зауыты “Қазмұнайгаз” компаниясы үшін ғана 2015 жылға дейін 10 миллиард теңгенің тапсырысын орындауы керек.
Жиналғандар өндіріс орындарына қажетті кадрларды әзірлеу мәселесін талқылады. Бұл ретте жергілікті жоғары оқу орындарымен тікелей жұмыс істеу керек. Сондай -ақ зауыттар үшін индустрияландыру бағдарламасына белсене араласу міндеті қойылып отыр.

Әсем Рахметова