Мәдениет

Орыс театрында – премьера

 

Ауылда туып-өскен Санек деген жігіт пен қалалық Саша атты қыздың махаббат жолында жасаған қателіктері жұрттың әңгімесіне айналады. Бірақ екі жас естерін уақытында жиып, ақыр соңында өмірде ең маңызды нәрсе – ар-ұят екендігін түсінеді. Спектакль режиссері Тимур Кәрімжанов Қазақ ұлттық өнер университетінің 5-курс студенті. Ол дипломдық жұмысы ретінде осы туындыны таңдаған екен.

  Тимур Кәрімжанов, қойылым режиссері:
– Ұжыммен жұмыс істеу оңай болды. Олар да берілген шығарманы жете түсініп, өз кейіпкерлерінің образына енді.

Басты 2 рөлді Погодин атындағы драма театры мен Қуыршақ театрының актерлері ойнады. Роман Лахтин үлкен сахнаға алғаш рет шықса, Ирина Пашкинаның көрермен жүрегіне жол тауып үлгергеніне біраз болыпты. Туындыны халыққа ұсыну үшін шығармашылық топ 4 айдан астам жұмыс жасаған екен. Өнер саласында көп жылдық тәжірибесі бар Ирина қойылымдағы рөлін сомдау оңайға түспегенін айтады.

  Ирина Пашкина,  Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:
– Рөлді сомдау қиын болды. Алайда дайындықтарымыз өз жемісін берген сияқты.

 Роман Лахтин, облыстық қуыршақ театрының актері:
– Кейіпкер образына ену, әрине, қиын болды. Бірақ режиссердің, әріптестерімнің көмегімен бар күшімді салдым.

Премьераны тамашалауға Елордадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Юрий Ханинго-Бекназар келіпті. Шәкіртінің жұмысына разы болған профессор, спектакльге оң бағасын берді

  Юрий Ханинго-Бекназар,  Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:
– Қойылымға қарап, Тимурдың мамандықты жақсы меңгергендігін көріп, қуанып отырмын. Оның бүгінгі жұмысын студенттің емес кәсіби режиссердің еңбегі деп айтуға болады.

Жаңашыл қойылым аға буын өкілдерінің де, жастардың да көңілінен шықты.

 Көрермендер:

-Өте жақсы қойылым. Ескі философиялық ойлардың жаңа мотивтерін көруге болады. Маған ұнады.
– Бұл туындының киносын да көрдім. Қойылым ұнады.
– Спектакль киносынан да асып түскен сияқты. Актерлер өз рөлдерін жақсы ойнап шықты.