Құқық қорғау органдары

Қорықшының өзі браконьер болып шықты

 
Табиғат қорғау полициясының инспекторлары Қызылжар ауданының Вагулино селосынан бес шақырым жерде қармен жүретін арнайы көлік пен «Газель» жүк машинасын байқайды. Олар ағаш арасындағы тасада тұрған. Бұл жағдай тәртіп сақшыларына күдікті болып көрінеді. Қырағы полицейлер көлік иелерін тексеруді ұйғарады. Тінту барысында инспекторлардың күмәні бекер болмай шықты. Көлік иелерінен жабайы аңдардың терілері, бастары мен кесілген сирақтары табылды. Еліктерді сойған ер адам Соколовка аңшылық шаруашылығының қорықшысы болып шықты. Ал оның сыбайластары  – өзінің 20 жасар баласы мен аудандағы шаруа қожалықатарының бірінің жүргізушісі. Жауап алу барысында қорықшы заңсыз аңшылық жасағанын мойындады. Ол еліктің біреуін қармен жүретін көлікпен соғып өлтірген. Ал екіншісін қалың қарға айдап, ұстаған. Аңшылық құрғандардың еліктерді атуға рұқсат беретін құжаттары жоқ. Себебі қазір аңшылық жасауға мүлдем тыйым салынған. Қазіргі кезде қорықшы қамауға алынып, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалуда. Қылмыскердің екі сыбайласы болса ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді.  Жалпы бұл заңсыз аңшылыққа қатысты биыл тіркелген үшінші іс.

 

 

Гүлден Сәрсенбаева