Билік

Облыс әкімінің аудандарға жұмыс сапары

 

 

Қызылжар ауданындағы “Атай СК” ЖШС-нің құрама жем зауыты өткен жылы толығымен қайта жаңғыртылған. Өнімділігі сағатына бес тоннаға жететін жаңа қондырғы орнатылыпты. Жоба құны – 33 млн теңге.

  Радий Көшербаев, “Атай СК” ЖШС бас инженері:
– Жаңа қондырғының бұрынғымен салыстырғанда тиімділігі үш-төрт есе жоғары. Онымен екі-ақ адам жұмыс жасайды. Жалпы зауыттың жұмысы толығымен компьютерлендірілген.  

Облыс әкімі құс фабрикасының қалпына келтірілген өндірістік корпусында да болды. Бұл жерде үстіміздегі жылы 68 320 бас құсқа шақталған жаңа тор қойылған. Сондай-ақ іріктеу машинасы мен таңбалау принтері жаңадан орнатылыпты. Соңғысының өнімділігі сағатына 20 мың дана жұмыртқаны құрайды. Бұл мақсаттарға серіктестік 68 млн. теңге бағыттаған. Бүгінде шаруашылықтағы мекиен тауықтың саны 160 мыңға жетеді. 90 мың балапан бар. Шөжелер Ресейден жеткізіледі екен.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Асыл тұқымды құс фабрикасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Қазір сметасы жасалып жатыр. Құс балапандары Ресейден, басқа өңірлерден әкелінбес үшін Петропавлға жақын жерде салынады.  

Серік Біләлов бұл күні “Якорь СК” ЖШС-нің товарлы сүт кешенінде де болды. Бүгінде шаруашылықта 300 сауын сиыр бар. Күніне 4,5 тонна сүт өндіріледі. Өткен жылы төлге арналған кешен де қалпына келтірілген. Қазір іші жылы, жарық. Бұл жерде  бағылатын малдың саны – 135 бас.  
Мамлютка қаласында облыс әкімі Наурыз мейрамына қатысушылардың қуанышына ортақтасты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Наурыз – тек көктемнің ғана емес, бұл ынтымақ пен жақсылықтың мерекесі. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басқан жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа серпіліс берді. Елімізде өркендетуге, халқымыздың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды істер жүзеге асырылуда, оған  солтүстікқазақстандықтардың да қосар үлесі зор. Ұлыстың ұлы күні елімізге – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге — молшылық, әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілеймін.  

Серік Біләлов мамлюттіктерге сыйлық жасап,  “Коммунсервис” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бастығына автогрейдердің кілтін табыс етті. Аудан тұрғындары жаңа мен жақсының бастауы – Наурыз мейрамын жылда сән-салтанатымен атап өтеді. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Мерекенің басты тағамы – Наурыз көже дайындалады. Бұл күні қазақ мектеп -интернатында оқушылар арасында жүзу мен күрестен сайыс ұйымдастырылған. Облыс әкімі жүзгіштер мен палуандарға 20 жиынтық спорттық киім мен жабдық тарту етті. Олардың арасында облыстық чемпионаттардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

  Қанат Бекжігіт, оқушы:
-Білім алуға, спортпен айналысуға барлық жағдай жасалып жатыр. Алдағы уақытта үмітті ақтауға тырысамыз.

Айымгүл Әбілева