Мәдениет

Мұражайлар фестивалі

 

 

 

 8 мың жылдық тарихы бар киіз үй іспеттес “чум” Ямал-Ненецк автономды аймағындағы ауыл тұрғындарының баспанасы саналады. Бұғының терісімен қапталған жиналмалы үй ғасырлар бойы халықты солтүстіктің -50 градусқа дейінгі аязынан қорғап келеді. 800 мың шаршы метрге жуық тундра мен тайга алқаптары алып жатқан аумақты 100-ден астам ұлт өкілдері мекен етеді. Округте барлығы 550 мың халық тұрады екен. Негізінен ата-бабаларының салтын сақтаған көшпенділер. Шаруашлықтары да өзгере қоймаған. Аңшылық, балық аулау, табын-табын бұғы ұстаумен айналысады. Қарлы өңірде қатынауға тиімді болғандықтан шанаға жегілген бұғының күші де пайдаланылады. Көрмеге қойылған көне жәдігерлер, тұрмыстық жабдықтар, ұлттық киімдер, тағам мен бүгінгі фото суреттерді салыстыра қарасақ аса үлкен айырмашылықты табу қиынға соғады.
 – Бізді мұнда жақсы қарсы алды. Қазақи қонақжайлықты естігеніміз бар, бірақ дәл былай болады деп ойламапыз да. Мол әсер алдық. Кей дәстүрлерімізде көптеген ұқсастықтар бар екен. Аймағымызда инфрақұрылым жақсы дамыған. Әсіресе қала тұрғындары жаңашылдықтардан кеш қалмайды. Әлемдік газ қорының 90 пайызын біздің жер береді. Десе де халқымыздың көп бөлігі ұлттық дәстүрлерге берік. Ата-бабаларына тән үйреншікті өмір салтын ұстанғанды жөн көреді, – дейді ресейліктер.   
Меймандар сондай-ақ үш күннің ішінде зырян, харт, селькуп пен ненец сынды солтүстіктің саны аз ұлттарының тарихымен, бүгінгі тыныс-тіршілігімен  таныстырып қана қоймай қазақ елінің бай шежіресінен де құлағдар болды. Өңіріміздің мұражай қызметкерлерімен шеберлік алмасты. Облыс орталығының айшықты жерлерін аралады.

 
Мұнда Наурыз мерекесі қалай тойланатынын қызықтап тамашаладым. Біз де көктемде жаңа жылды қарсы аламыз. Ол қарға күні деп аталады. Қазақстандағыдай барлық ұлттар мейрамдарды бірге тойлайды,  халықтар достыққа да берік. Әрбірінің тілін, дінін, мәдениетін, салт-дәстүрін ұмытпай сақтауға тұсау қойылмайды. Енді бір есте қалғаны жылы жақтарда өсетін өсімдіктерді алғаш рет осындағы ботаникалық бақта көрдім.  

Облыстық тарихи өлкетану мұражайының қызметкерлері өткен жылы Ямал-Ненецк автономдық аймағында болыпты. Енді міне әріптестерін алғаш рет өздері қарсы алып отыр.

 Жансұлу Оспанова,  СҚО тарихи- өлкетану мұражайының қызметкері:
–  Фестивалдің маңызы өте зор. Өйткені осы фестивальдің арқасында салт-дәстүрлеріміздің байланысын байқап, ұқсастығын анықтаймыз. Жалпы арамыздағы бірлік пен ынтымақтастығымызды нығайтамыз.

Ендігі кезекте облыстық тарихи- өлкетану мұражайының қызметкерлері Ямал-Ненецкіде өтетін мейрамдарды өз көздерімен тамашалап қайтуға тілек білдірді. Салихард қаласының делегациясы бұғы шаруашылығымен айналушылардың күнін бірге тойлауға шақырды.

Жеңіс Ермұқанов