Әр түрлі

Петропавлдағы Наурыз тойы

 

Наурыз – жыл басы. Береке-бірліктің бастауы. Наурыз –  халқымызға қайта оралған мереке. Еліміз тәуелсіздік алғалы Ұлыстың Ұлы күнін барша қауым болып қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекеде ерте тұрып, облыс орталығындағы думанға қосылғандардың қарасы жылдағыдай мол болды. Желестеріміздің қуанышына облыс әкімі ортақтасты.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Ертеден жаңа мен жақсының бастауы болып табылатын Наурыз мерекесі құтты болсын! Наурыз – тек көктемнің ғана емес, бұл ынтымақтың мерекесі. Ұлыстың ұлы күні елімізге береке тілеймін!

Өз жерлестеріне наурыз-тілегін ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықов та арнады.
Бұл күні шырқалған ән-биде шек болмаса керек. Мерекеге облыстың барлық өнер ұжымдары атсалысып, даланы әуелеткен әнге бөлеп жіберді.
Наурыз күні  Самарқанның көк тасы жібиді. Бұл күні пәле-жала кетіп, далаға жылылық пен жақсылық жетеді дейді халық.  Әр ауданның атынан тігілген киіз үйлер Мағжан Жұмабаев көшесінде  әсем ауыл тізген. Салтанаты жарасқан үйлердің жанында ән-жыр төгіліп жатты. Облыс әкімі Серік Біләлов әр ауданның өкілдерімен кездесіп, әні мен сәні жарасқан киіз үйлерде көрсетіліп жатқан мерекелік шаралардың куәсі болды. Аудандардың көрсетері мол. Бірі көпшілік назарына қолданбалы қолөнер көрмесін ұсынса, бірі мың бұралған бишілерін, құлақ құрышын қандырар күйшілерін әкелген.  Наурыз -шаттықтың, достықтың мерекесі. Тәуелсіз елімізде Наурыз түркі халықтарының ғана емес Қазақстандағы 140- тан аса ұлттың ортақ мейрамына айналған. Наурыз тойы облыс орталығының бірнеше алаңында қатар тойланып жатты. Жеңіс саябағына келген облыс әкімі Серік Біләловті өнер ұжымдары бұл жерде де мерекеге тән шат көңілмен қарсы алды. Шашу шашылып, ән төгіліп жатты.



 Мереке күні Есілдің жағалауы да әнмен жаңғырып, көңілді думанға толды. Бұл жер алтыбақан тепкен қыз-бозбаланың шат күлкісіне бөленді. Жұртшылық ақындар айтысын да тамашалады.  

 

-Ұлыстың ұлы күні құтты болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын, – деп ақ тілектеріп жаудырған петропавлдықтар бүгін Жеңіс саябағынан да табылды. Қазақ, орыс, түрік бауырлар бірлесе   құрған мейрамға бүгін күн де мейірлене сүйсініп тұрғандай. Тәуелсіздік туының астында тойланып жатқан бұл Қазақстан жұртының жиырмасыншы Наурызы.  Саябаққа кірген беттен ұлттық киім киген жастар Ұлыс күнінің ерекшелігімен келген қонақтарды жарыса таныстырып тұрды. Сахнадан шырқалған мерекелік ән-күйлер бар қаланы жаңғырқандай. Мерекенің нышаны әр адамның жүзінен анық байқалады. Қариялар осы шат күнге жеткізген бейбітшілікке тәубе келтіріп жүрсе, аналарын құшақтаған алаңсыз сәбилер де мәз-мәйрам. Әлі бір жасқа толмаған нәресте Жасұлан үшін бұл алғашқы Наурыз таңы. Сондықтан Таңатқан мен Динагүл Байтекеновтар көппен бірге тойлау үшін алаңға шығыпты.

 Таңатқан мен Динагүл Байтекеновтар:
– Елімізде тыныштық болсын, сәбилер аман болсын.
– Елімізде бейбітшілік болсын.

Самарқанның көк тасы еріп, жер бусанатын бұл күні еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін Наурыз жырын жырлайды. Ата-салтымыздан айнымай бүгінгі жұртшылық та мерекенің сазына ілесті. Қариялар жастардың өнерін тамашалады, жастар ұлттық ойындардың қызығына кірісті, ал бүлдіршіндер алтыбақан жанынан табылды. Ежелден түркі халықтарының мерекесі саналған Наурызды бүгінгі таңда Қазақстан атты бір тату шаңырақтың астына жиналған барлық ұлттар өкілдері  тойлайды. Қаладағы орыс қауымдастығының өкілдері соның дәлелі ретінде өздерінің ұлттық тағамдарынан дастарқан жайып, бауырластарына ұсынды. Ал ыстық бауырсақтан дәм татуға шақырған  дастарқанда ұлттық тағамдар толып тұр. Әттең, мерекенің басты тағамы  – наурыз көже ғана табылмады.

Тұрғындар:

-Ұлыс оң болсын, ақ болсын, береке, бірлік болсын
– Петропавлдықтарды Наурызбен құттықтаймын.

– Барлық адамдар аман болсын.

Осылайша барша тіршілік оянып, жаңаратын Ұлыстың ұлы күнін петропавлдықтар бір отбасының баласындай болып, даланы шексіз шаттыққа толтырып,  риясыз ойын-күлкімен атап өтті.

 
 Жұмысшы кентінде ұлттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары қол күресі, арқан тарту сындарына қатысып, үздік атанғандары сыйлықтарға ие болды.   

 

«Наурыз» әнімен ашылған мереке дүйім жұртты еріксіз той алаңына еліктірді. Той басталысымен Жұмысшы кентінің тұрғындары салтанат ортасына қарай ағылды. Думанға жиналған көрші-қолаң бір-бірімен төс түйістіріп, жаңа жылда жаңа табыс тілесті. Халайықты Әз Наурызбен қазақ театрының әртістері құттықтады.

Нартай Сәрсебаев,  С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының әртісі:
– Шын жүректен мына халыққа арнап осы жерде концерт беріп жатқан жайымыз бар. Қазір мына жерде көріп отырсыздар эстрадалық- симфониялық оркестрдің кішігірім концерті болып жатыр. Халықтың мерейі аса берсін. Шат-шадыман көңіл тілейміз.

Театр актерлері шағын қойылымдар қойып, ұлыстың ұлы күні жасалатын дәстүрлерді еске алды. Көп күткен Қыдыр баба да мерекенің ортасынан табылды. Ол «Ақ мол болсын» деген тілекпен қонақтардың бетіне ұн жақты. Қалың көпшілік мерекеден оң әсер алды.

Тұрғындар:
– Бұрыннан қалған Наурыз ғой. Көптен ұмытылған. Құтты болсын Наурыз!
– Осы Наурыз бүкіл адамды жақындатады. Бір-бірімен көріспегендер көріседі.
– Наурыз әр шаңырақта әр түрлі қарсы алынады. Наурыз көже, ас асып семьямызбен қарсы аламыз.

 
Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурызды қазақ халқы ақ түйенің қарны жарылған күн дейді. Бұл мерекеде әр үйде ақ дастарқан жайылуға тиісті. Ал келген қонақ астан дәм татпай кетпейді. Жұмысшы кентінде үш киіз үйдің шаңырағы көтерілген. Оның әрбіреуіне дастарқан жайылған. Оған кірген қонақ дәм татпай шықпады. «Петропавл-Алматы» базарының басшылығы да аудан тұрғындарын назардан тыс қалдырмады. Олар ашық аспан астында палау пісіріп, тегін таратты. Ыстық ас ауған мәзірі бойынша жасалыпты. Тіл үйірер тағамнан үлкендер мен кішілер бірдей дәм татты.

 

Обайдулла,  аспазшы:
– Мен тамақ әзірлеумен 18 жыл айналысып келемін. Палауды осы тойға арнап екінші рет дайындап жатырмын. Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін!

Жұмысшылар кентінің тұрғындары алтыбақан теуіп, атқа шаппаса да, тойды ұлттық ойындармен жалғастырды. Ер азаматтар арқан тарту, қол күрестіру сынды жарыстарда өзара мықтыны анықтады. Білек күшін сынауға бел буған жігіттерге жиылған қауым қызу қолдау көрсетті. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.

 

 

 Ұлыстың ұлы күнін ұлықтау қаламыздың шеткі аудандарында да өтті. Бензострой кенті мен «Жастар» стадионында құрылған мерекелік алаңдар жүздеген қала тұрғындарының сауық құру орнына айналды. Жиналған қауымға өнер ұжымдары ән-жырдан шашу шашты.
 

Достық пен ауызбіршілікке шақыратын мейрамды Бензострой кентінің тұрғындары да дүркіретіп тойлады. Ашық аспан астында сахна орнатылып, өңіріміздің шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін көрсетті. Ортақ мейрамнан “Дуслық” облыстық татар-башқұрт орталығы да шет қалмапты. Қоғамдық бірлестіктің мүшелері қадірменді меймандарын баянның әсем сазымен қарсы алып, қонақжайлықтарын барынша таныта білді. Кең дастарқанын жайып тастап, жиылғандарға ұлттық тағамдарын ұсынды.

Зулейха Бикметова, “Дуслық” СҚО татар-башқұрт орталығы” ҚБ мүшесі:
– Бүгін біздің зор байрам. Наурыз мерекесі құтты болсын. Денсаулығымыз мықты болсын. Аспанымыз ашық болсын. Бұл күні біз ұлттық тағамдар әзірледік. Ет, картоп, сәбіз, ұн, жұмыртқадан тағамдар дайындадық.

Киіз үй тігіліп, самауыр мен қазан қайнап, жиналған қауым бауырсақ , ыстық шай мен палаудан дәм татып, әрбір ұлттың асханасының аспаздық ерекшелігімен таныса алды. Қайырымдылыққа үндейтін қасиетті мерекеде тіл үйірер дәмді тағамдар тегін таратылды.

Ақсақалдар:
– Наурыз мейрамы қазақтың ертеден келе жатқан тойының бірі. Бұл адамның бір-біріне деген кешірімділігі, ақтығы, жақсылығы, тазалығы болу керек.
Жерден иіп, көктен берсін. Сондықтан татулық, жақсылық қана болсын.
Бұрын совет дәуірінде тойланбай қалды. Енді міне жаңа тойлап келе жатырмыз. Жылдың басы, күн мен түннің теңелген уақыты. Бұны тойлау керек. Тойымыз тойға ұласып, құтбереке әкелсін Наурыз.

5 мың жылдан астам тарихы бар мерекенің дәстүрі бүгінде маңыздылығын жоймаған. Бастысы көрші- қолаң, ағайын-туыс, дос-жаран төс қағыстырып, ізгі тілектер жолданды.

Тұрғындар:
Наурыз мерекесі шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жыл мейрамы, табиғат оянып, көктем келді. Барлық жерлестерімді осы мерекемен құттықтаймын.
Бүгінгі күні ұлтқа жіктелмей, қазағы, орысы, украины барлығы мейрамды тамаша көңілді өткізіп жатырмыз. Көпұлтты ел болғандықтан әр ұлттың дәстүрі сақталған, бұл  бірауыздықтың, бірліктің белгісі. Тыныштық әрқашан бола берсін.

Шеткі ауданның еңбектеген сәбиінен еңкейген қариясына дейін орталық алаңда сауық құрды.

 Жастар:
– Біз осы салт-дәстүрімізді сақтауымыз керек. Бұл ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр. Қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын.
– Мында кісілер көп, маған ұнайды. Наурыз мерекесімен бәрін құттықтаймын.

Жібек Айтжанова өңірімізге отбасымен Қостанайдан арнайы қонақтап келіпті. Жергілікті жерде ұйымдастырылған мереке көңілімнен шықты дейді.

Жібек Айтжанова:
– Көп күткен ұлыстың ұлы күні құтты болсын. Бәрімізге ортақ болсын. Әдейілеп Қостанай қаласынан келіп отырмыз, ұлыстың ұлы күні қалай тойланып жатқанын көру үшін, туыстарға сәлем айта келдік. Құт-береке, молшылық әкелсін, ақ мол болсын.

«Жастар»  спорт кешенінде де Наурыз мейрамы тойланды. Халық мерекелік концертті тамашалады. Ыстық астан дәм татып, көңілді жарыстарға қатысты. Стадионда негізінен жастарды салауатты өмір салтына баулып, спортқа тарту мақсатында түрлі ұлттық ойындардан қызу тартыстар өтті.

 

 Ұлыстың Ұлы күнін облыстағы барлық ұжымдар тойлады. Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін “Есіл су” кәсіпорнының ұжымы Ұлыстың ұлы күнін Қызылжар ауданының Кривозерка селосында атап өтті.

 

Мерекеде қазақтың ұлттық дәстүрі көрсетіліп, дастарқан жайылды. Елена Калеева 20 жылдан астам Соколов су құбырының басқармасында қызмет етеді. Ол келген қонақтарға негізгі тағам – Наурыз-көжені дайындап әкеліпті

Елена Калеева, Соколов су құбыры басқармасының қызметкері:
-Міне, ұлттық Наурыз көже әзірледік. Ол міндетті түрде 7 түрлі тағамнан тұрады. Олар: сорпа, сүр ет, бидай, арпа, күріш, құрт, қатық .

Ал құтқарушылар ұйымдастырған шараның салтанатты ашылуынан кейін қаламыздың өрт сөндірушілері арқан тартуда күштерін сынады. Ақтық кезеңге 2-ші және 4-ші өрт сөндіру бөлімдері жолдама алды. Бұл жолғы сында 4-ші өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерінің бағы жанды.

Ринат Ілиясов, №4 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:
-Бізде осындай қызықты, әріптестеріміздің арасында, әр түрлі ойындар өткізіледі. Былтыр 4-өрт сөндіру бөлімі 1-орын алды. Биыл да, Құдай қаласа, 1-орын аламыз деген үміттеміз.

Тілсіз жаумен күресушілер осы күні өзге де жарыстарда сынға түсті. Жиылғандар алтыбақан теуіп, айраннан дәм татты. Мұнда түрлі ұлттардың тағамдарын әзірлеуден де сайыс өтті. Кейін осы ас жиылған жұртқа таратылды.

Ерік Мәжітов, Өрт сөндіру басқармасының бастығы:
– Мақсатымыз – қазақтың дәстүрін, ойын-сауығын әрі қарай жетілдіру. Біздің мекемеде алғашқы рет «Екі жұлдыз» конкурсы ұйымдастырып отыр.

Әз Наурызды қарсы алудан 3-түзету мекемесінің ұжымы да қалыс қалмады. Жазасын темір тордың ар жағында өтеушілерге көктемнің шуақты күні қалалық мәдениет басқармасының әртістері “Армысың,  Әз Наурыз!” концерттік бағдарламасын ұсынды.

Айқын Баженов,  “ЕС-164/3 мекемесі” ММ бастығының орынбасары:
– Жылда-жылда Наурыз мейрамын өткізіп жатырмыз, мереке күндері тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Спорттық жарыстар өткіземіз.

Абақтыдағылар қазақтың жаңа жылын асыға күтеді. Думан мен шаттыққа толы күні қамаудағы азаматтардың көңіл күйлері жақсы. Ақжар Ахметолдин ұлттық дәстүрімізді жаңғырту әрбір азаматтың парызы екендігін тілге тиек етті

Ақжар Ахметолдин, жазасын өтеуші:
– Қазір бәрімізге ерекше күн деп есептейміз. Өйткені салт-дәстүр бойынша  Наурыз жаңажыл болып есептеледі. Әкімшілікке рақмет, осындай концерт қойып отырғанына. Барлығын Наурыз мерекесімен құттықтаймыз.

Наурыз мейрамында түрлі тағамдар әзірлеп,  дастарқан жаю шарт. Қалалық әкімдіктің бастамасымен “Қызылжар” орталық мешітінің маңында өзбек халқының ұлттық тағамы – палау басылып,  оқу ордаларына тегін таратылды. Бұдан кейін мерекелік шара білім ошақтарында жалғасын тапты. Бұл бастамадан Борки кентінің тұрғындары да тыс қалмады.

Бауыржан Құлжанов,  Борки кентінің тұрғыны:
60-тан астам ардагерлер бар. Мұғалімдер де жиылды. Палау, Наурыз-көже әзірленді. Облыстық филармонияның әртістері шақырылып, үлкен концерт болады.

Мерекелік шараға халық көп жиналды. Олар ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, концерттік бағдарламаларды тамашалады. Ұлыстың ұлы күнін медицина колледжінің  ұжымы да дүркіретіп атап өтті. Мұнда студенттер әзірлеген ұлттық тағамдардың көрмесі ашылды. Осылайша қала тұрғындары Жаңа күнге шат көңілмен аяқ басты.

Әсем Рахметова, Кәусар Аяпбергенқызы, Гүлден Сәрсенбаева, Жеңіс Ермұқанов, Айдана Демесінова