Әр түрлі

Кедендегі Наурыз тойы

 

 

 Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қазақ халқының мызғымас тамаша салттарын насихаттау кеден қызметкерлерінің жыл сайынғы дәстүрі. Бұл жолы олар қыз беріп, құда түсу салтын ұсынды. Сүйінші сұраудан басталған көрініс құдандасудың соңғы ырымы құйрық-бауыр жеу салтына дейін көрсетілді. Сауық-сайран құрған қыз-жігіттер ұлттық ойын ойнап, жеңілгендері өнерлерін ортаға салды.

Қыз беруші бас құда – Ғомар Самаратов бұл салтты жақсы біліп, құрметтегендіктен өз рөлін барынша келісті орындап шығуға тырысты. Мұның бәрі шынайы өмірден алынған дәстүрлер болғандықтан қойылымды көрсету де оңай болған екен.

 Ғомар Самаратов,  Петропавл станциясы кеден бекетінің бастығы:
– Қыз алу ежелден келе жатқан қасиетті дәстүр. Қазір ұмытылып бара жатыр. Сондықтан бүгін соны дұрыс көрсетуге тырысамыз.  

Құдалар қазақ халқына сай қонақжайлылық, ізеттілік танытып бір-бірімен жылы көрісті. Дәстүр бойынша төс қағыстырып, құйрық-бауыр жесті. Ал қалың малдың жайын ойластырып болған соң бәрі салиқалы сөзге құлақ салып, ақ бата тыңдады.
 

 Әсемгүл Исина, СҚО кедендік бақылау департаментінің мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бас маманы:
-Жылда тойланатын Наурыз мейрамын ойын, сайыстармен өткізетінбіз. Биыл салт-дәстүр көрінісін көрсетеміз. Бүкіл бекеттердің бастықтары, мамандары қатысып жатыр.

Осылайша кішкентай көрініс арқылы қазақтың қыз беру салты бар жоралғысы бойынша қонақтар назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылар  оның қойылымда ғана емес, шынайы өмірде кеңінен қолданылатынына кәміл сенімді.

Кәусар Аяпбергенқызы