Құқық қорғау органдары

Астық ұрлаған қарақшылар табылды

 

 

 

 

Қылмыстық топ серіктестікке сағат түнгі 4-те шабуыл жасаған. Кеңсеге баса-көктеп кіріп келген адамдарға кәсіпорын күзетшісі еш қарсылық білдіре алмапты. Бетперде киген екі белгісіз адам оған қару кезеп, еденге жатуды талап еткен. Сұмдық оқиғаның куәгері болған күзетшінің айтуынша сұраусыз келген қонақтар үш жеңіл автокөлік пен екі КАМАЗды астық қоймасына енгізген. Кейін шапшаң қимылмен 20 тоннадан астам бидайды артып алып, табандарын жалтыратқан. Қарақшылық шабуыл жасалған күні далада қатты боран соққан еді. Соның кесірінен полицейлер қылмыскерлердің ізіне түсе алмады. Бұл жағдай жұмысқа кедергі туғызғанымен, тәртіп сақшылары тығырықтан шығар жол тапты. Із кесушілер көрші аудан тұрғындарын сұрастыру арқылы сезіктілерді тез арада ұстады. Қарақшылық шабуылды 4 адам ұйымдастырған. Олар бидайды артып әкету үшін он шақты жүргізуші мен жүк артушыны жалдапты. Тергеу барысында ұрланған бидай Тимирязев ауданы элеваторларының бірінен табылды. Біреудің маңдай терімен егілген астық 800 мың теңгеден астам қаржыға бағаланыпты. Әзірге аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалуда.

Гүлден Сәрсенбаева