Әр түрлі

Петропавл Наурыз тойына әзірленіп жатыр

 

 

 

Басты шара наурыздың 22-не жоспарланған, бұл күні Қазақстан халқының салт-дәстүрлері көрсетілетін  арнайы бағдарлама Петропавлдың 8 алаңында  қойылады.  Бұл алаңдар Мағжана Жұмабаев көшесі бойында Букетов – Абай көшелерінің аралығында,  Жеңіс саябағы көшесінде,  вокзал алдындағы алаңда, «Жастар» стадионында, Бензострой,  Заречный, Былғары заводы,Жұмысшы  поселкелерінде,  қалалық мәдениет және демалыс  саябағында  орналасады.

 Ал мереке қарсаңында  “Радио НС-Петропавл”, “Беташар СК” қоғамдық бірлестігі, “Әйелдер лигасы” және “Томирис” гендерлік теңдік орталығының мүшелері  қалалық мәдениет үйінде “Босағаң берік болсын” деген  атаумен арнайы кеш     өткізді.  
 

Наурыз дегенде әр қазақтың көзіне жасыл жайлауда дүбірлеп өтіп жатқан ұлан-асыр той елестейді. Бүгінгі мереке ол көрініске мүлде ұқсамаса да ақ кимешек киген аналар, ұлттық киімдегі қыз-жігіттер мен шырқалған әндер, жадыраған жүздер көктем мерекесінің келіп қалғанын сездіріп тұрды. Бұл ретте ұйымдастырушылар біраз еңбектенген көрінеді.

 Күлімкөз Смаилова, “Томирис” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
-Көп ұлтты халқымыздың салт-дәстүрін насихаттап, оның қонақжайлығын көрсету үшін жиналып отырмыз. Біз қазақтың Наурызды тойлау салтын, ұлттық киімдерін көрсетіп, көпшілікке жарияламақшымыз.

Береке мен молшылықтың, татулылық пен жаңарудың мерекесіне жиналған қонақтарға салт-дәстүр көріністері ұсынылды, әуезді ән мен би арналды. Әжелер жаңа жылда жамандықтан аластау ырымын жасап, шашу шашты. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтауға “Ашық аспан” балабақшасының кішкентай тәрбиеленушлері де келіп, қонақтарды риза қылды.
 
 Күлзи Бисары, ардагер ұстаз:
 – Наурыз ізгіліктің, бірлік, татулықтың мерекесі. Оны халық болып тойлайды. Баладан бастап қарияға дейін, реніштерін кешіреді.

Ұлттық нақыштың тағы бір белгісі ретінде келгендерге ұлттық оюмен көмкерілген бұйымдар ұсынылды. Қазақы әсем киімдер киген қыздардың шығысы тіптен мерекелік концерттің көркін аша түсті.

  Мәдина Ерғалиева,  әл-Фараби атындағы мектептің оқушысы:
– Қазақ киімдері қазақ қызын көріктендіреді. Мен өзімнің тойымда да осындай көйлек кигім келеді. Басқаларынан гөрі осындайды киген дұрыс деп ойлаймын.

Күн мен түн теңеліп, жер әлемді жылылыққа бөлейтін Наурыз мейрамы қазақ халқы үшін ежелден қастерлі мереке. Сондықтан бұл әр жерде ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деген ақ баталардан нөсер жауатын шуақты күн.

Кәусар Аяпбергенқызы