Спорт

Бокстан облыс біріншілігі

 

 

 

 

 

Іріктеу сынында шаршы алаңға алғаш болып Жамбыл ауданының тумасы Нұрлан Даутов пен петропавлдық Жанат Арғынов шықты. Солтүстікқазақстандық  1-ші разряд иегерлерінің  жекпе-жегі жарыс шымылдығын тартысты етіп ашты. Екеуінің де 3 жылдың ішінде өткізген 20-шы кездесуі екен. Сондықтан намысты қолдан бермеу керек. 2 минутан тұратын үш раунд бойы қолғап түйістірген қарсыластардың қайсысының мысы басатынын төреші ысқырығына дейін дөп басып айту қиын болды. Дегенмен дәл осы доданың екі дүркін чемпионы Нұрлан Даутов сәл ұпай айырмасымен қарсыласын жарыс жолынан ығыстырып, келесі айналымға жолдама алды.

  Нұрлан Даутов,  сайыскер, Жамбыл ауданы:
– Жарысқа чемпиондығымды дәлелдеуге келдім. 1-ші кездесуім өте сәтті өтті. Қарсыласым мықты болса да оңай жеңдім. Қалған кездесулерімді де ұтып, 1-ші орын аламын.

Жалпы 14 салмақта мықты атану үшін алаң иелерімен қатар Ресейдің Түмен, Челябі, Ишим және еліміздің Қарағанды, Сәтпаев, Көкшетау, Щучинск қалаларының жас былғары қолғап шеберлері келіпті. Жиыны 130-дан артық сайыскер 12 – 16 жас аралығында. Сәтпаев қаласы құрамасының бас бапкері Серік Мәшіров кездесу алдында тәрбиеленушілеріне соңғы нұсқауларын беріп жатыр. Ол дарынды деген 7 шәкіртінің дайындығын сынамақ мақсатымен өңіріміздің ашық біріншілігіне үкілеп әкеліпті.

 Серік Мәшіров, бокстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері, Сәтпаев қаласы:
– Петропавл қаласында өте үлкен, жақсы турнир өтіп жатыр. Өз шәкірттерімнің деңгейін көтеруге, бір бірімен шеберлік алмасуға арнайы келіп отырмыз.  

Жарыс қорытындысы бойынша үздіктерден маусым айында Қостанайда өтетін ҚР чемпионатында өңір намысын қорғайтын құрама жасақталатын болады. Ал құраманың сапына ену үшін сайыскерлер әлі үш күн бойы бақтары мен баптарын сынайды.

 Жеңіс Ермұқанов