Қылмыс

Ойнаймын деп от басты



 

 
Кешкі сағат сегіз кездерінде облыстық ішкі істер департаментінің жедел басқару орталығына белгісіз адам қоңырау шалып, Тоқсан би көшесіндегі № 21 мектепті жарамын деген. Мұндай хабар жауапты органдарды аяғынан тік тұрғызған. Аталған ғимарат маңы қоршауға алынып, жақын көшелерде жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы тоқтатылды. Абұйыр болғанда, жұмыс күні біткен соң мектепте көп адам болмапты. Полицейлер қауіпті нысаннан төрт азаматты алып шыққан. Кейін арнайы мақсаттағы бөлім мамандары мектептің барлық бөлмелерін тексерген. Ал жарылғыш зат табылмапты.  Жұрттың үрейін туғызған хабар жалған болып шықты. Десек те, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұл істі жайына қалдырмады. Із кесушілер көп ұзамай дүрлікті ұйымдастырушыны ұстады. Ол 9 сынып оқушысы екені анықталды. Жасөспірім  № 21 мектепті жарамын деп хабар таратуының сырын түсіндіріп бере алмады. Өзі болса қаланың басқа мектебінде оқиды екен. Қазіргі уақытта жеткіншекті жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда. Мұндай оқиға биыл алғаш рет тіркеліп отыр. Жалпы «Лаңкестік әрекет туралы жалған хабар таратушы» Қылмыстық кодекстің 242- бабына сәйкес 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе ірі көлемде айыппұл төлейді.

Гүлден Сәрсенбаева