Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау арта түсуде

 

 “Қазагро холдингі” соңғы 5-6 жылда еліміздегі ауыл шаруашылығы кешенін дамыту бойынша қаржылық қолдау көрсететін басты компанияға айналған. Облыста холдингтің еншілес компанияларының өкілдіктері жұмыс істеп жатыр.

Нұрлан Биболаев,  СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

-Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдау 2 еседен артты. Ауыл шаруашылығын әрі қарай дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру “Қазагросыз” мүмкін емес.

Жыл сайын “Казагрофинанс” акционерлік қоғамы арқылы облыста 2,5 млрд теңгенің техникасы алынады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 10 миллиард теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылмақ. 16 бордақылау алаңын, осынша сүт кешендерін ашу жоспарланған. Мал шаруашылығын дамытуда Солтүстік Қазақстан облысының мүмкіндіктері ерекше. Біріншіден,  жылына 1 миллион тонна қара мал етін экспорттауға болатын мемлекет – Ресей жанымызда. Екіншіден,  жеріміз қолайлы. Мал шаруашылығына тікелей қаржылық қолдау көрсетуші “Казагропродукт” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Александр Солюлев ет пен сүт көлемін арттыруда қаржы институтының көмегін ұсынып отыр. Бұр ретте басқарма төрағасы мал басын асылдандыруға ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. Бүгінде еліміздегі бар ірі қараның 8 пайызы ғана етті тұқым. Ал алдағы міндет – жылына 60 мың тонна ет экспорттаушы ел атануымыз керек. Еуропаның кейбір елдерінде бұл көрсеткіш 50-60 пайызға дейін жетеді. Асыл тұқымды ірі қараны қайдан жеткізу – ол тауар өндірушінің өз еркі. Елге қажеті жоғары өнімді мал.

  Александр Солюлев,  “Казагропродукт” АҚ басқарма төрағасы:

-Біз шаруашылық басшысы өзі шешім қабылдауы керектігін айтамыз. Малды таңдайтын да, елге жеткізетін де шаруашылық басшысы. Малды Америкадан, Еуропадан , жоқ әлде Австралия мен Ресейден аласың ба, өз еркің. Ең бастысы ветеринарлық талаптар сақталуы керек.  

Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге мал басын асылдандырумен айналысушыларға, ет экспорттаушыларға, жем-шөп әзірлеушілерге субсидия ретінде бөлініп отыр.

  Александр Солюлев,  “Казагропродукт” АҚ басқарма төрағасы:

-Селекциялық жұмыспен айналысатын шаруашылықтардағы аналық басына  – 6 мың теңге, шетелден асыл тұқымды мал әкелгендерге әр басқа 200 мың теңге бөлінеді. Отандық асыл тұқымды мал алғандарға да әр басқа 100 мың теңге субсидия қарастырылған. Мал бордақылау алаңдарынан саудаға түсетін еттің килограмы 200 теңгеден субсидияланады.

“Аграрлық несие корпорациясы”, “Казагрофинанс”, “Ауыл шаруашылығын дамыту” акционерлік қоғамдарының өкілдері де өз компаниялары бойынша ұсынылатын несиелер мен оны рәсімдеу жолдары туралы баяндады. Ұсыныс мол болғанмен, демеу қаржыға қол жеткізуде ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қиындыққа тап болып жататынын айтады.

  Мұрат Жәркенов,  “Әділ” ЖК басшысы:

-600 шақырымда Чапаев деген жерде тұрамын. 1 миллион теңге алу үшін 3 миллион теңгенің залогы керек. 5-6 сиырым бар.

Кепіл мәселесі 10 сиыр алушыға да, мыңдаған бастан тұратын шаруашылыққа да қиын соғуда. Сондай- ақ  асыл тұқымды малды сақтандыру бағасы да қымбат. Тәуелсіз сарапшылар асыл тұқымды малды бағалау кезінде де біршама түсініспеушілікке жол беруде. Бұл мәселелердің барлығын “Казагро” өкілдері қарауға алмақ.

Әсем Рахметова