Билік

Облыстық мәслихаттың XXXII сессиясы

 

 

 

Сессияда алдымен 2011-2013 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Қаражат бірінші кезекте Елбасының биылғы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттерді орындауға және есептік кездесулерде көтерілген мәселелерді шешуге бағытталмақ. Алдағы үш жылда әлеуметтік саланы дамытуға басымдық берілген. Бұл бағытқа республикалық бюджеттен бөлінетін қосымша нысаналы трансферттер 4 млрд. 153 млн теңгені құрап отыр.

  Еркін Жоланов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
– 807,7 млн. теңге халықты жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға қарастырылған. Білім беру жүйесіне – 220,7 млн.теңге, денсаулық сақтау саласына – 44, 8 млн. теңге, экономиканың нақты секторына – 4 млрд, 482 млн. теңге бағытталмақ.  

Бұнымен қатар 2010 жылы әлеуметтік нысандардың құрылысына бағытталған 1 млрд 116 млн  теңге республикалық трансферттер қайта бөлінді. Бұл мәселе тұрақты комиссиялардың отырысында жете қаралған. Ал игерілмей қалған 745 млн. теңге республикалық бюджетке қайтарылады.

  Еркін Жоланов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы:
 -Сонымен қатар Үкіметтің шешімімен 2010 жылы республикалық бюджеттен бөлінген 280 млн. теңгені биыл игеруге рұқсат берілді. Облыс орталығындағы балабақшаның құрылысын аяқтауға – 102, 8 млн. теңге, Ғ.Мүсірепов ауданындағы туберкулезге қарсы күрес диспансеріне – 145, 8 млн, қалалық емханаға – 10 млн, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында инфрақұрылымды дамытуға – 21,3 млн. теңге және Айыртау ауданы Кирилловка селосындағы орта мектептің құрылысын тамамдауға – 5,7 млн. теңге бағытталады.

Депутаттар үш жылға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға бірауыздан қолдау танытты. Мемлекеттік және өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламаларының орындалуы – күн тәртібіне шығарылған екінші мәселе. Салалық ведомство басшыларының жасаған баяндамаларына қарағанда, әлеуметтік індеттің тамырына балта шабу үшін қолға алынған жүйелі жұмыстар оң нәтижесін беруде. Дегенмен тізгінді босатуға болмайды. Өткен жылы 70 жемқорлық қылмыстың беті ашылған. Заңды белінен басқан 38 лауазымды тұлға жауапқа тартылыпты. Олардың қатарында түрлі деңгейдегі әкімдер мен облыстық ведомство басшылары бар. Мамандар жемқорлықпен күресте алдын алу шараларына басымдық беру қажеттігін алға тартып отыр.

Айымгүл Әбілева