Мәдениет

Валерий Савельевтің жеке көрмесі

 

Өңіріміздің қайталанбас табиғаты бейнеленген   туындылардың авторы – Валерий Савельевті өз елімізден тыс Жапония, Франция, Германия, Ресейдің өнер сүйер қауымы жақсы біледі. Шетелдіктер жерлесімізді үздік суретші деп таниды. Ал біздің аймақта  ол  ұстаз ретінде  де  белгілі.  Оған бүгінгі жағдай толық айғақ бола алады. Валерий Васильевичті жеке көрмесінің ашылу салтанатымен құттықтауға сонау Новосібірден оның 6 шәкірті келген. Олар Петропавл өнер колледжінде тәлім алып, шеберліктерін ұштаған.

  Наталья Ожогина, Новосибирск бейнелеу өнері академиясының оқытушысы, суретші:
-Көрме болатынын естігенде қуана жиналдық. Ол біздің болашағымызға жолдама берген бірінші ұстазымыз. Оған әрі қарай шығармашылық табыс тілеймін.

  Нұрлан Тайыров, Новосибирск бейнелеу өнері академиясының оқытушысы, суретші-монументалист:
– Валерий Васильевич бізге өнер колледжінде сабақ берді. Сол оқу ошағында алған білім біздің суретшілік жолға түсуімізге алғашқы баспалдақ болды. Валерий Васильевич бізге өнердің бар қыры мен сырын ашты.

Дегенмен бұл Валерий Васильевичтің шәкірттерінің  бір бөлігі ғана. Ол кезінде қалалық өнер мектебінде ұстаздық етіп, 68 суретшіні дайындапты.

 Валерий Савельев, Қазақстан суретшілер қауымдастығының мүшесі:
– Мен 6 сыныпта ұстазымның ұсынысымен “Тарас Бульба” повесіне сурет салдым.
Ол тек аудандық қана емес, сонымен қатар республика деңгейінде де жүлдеге ие болды. Содан кейін бейнелеу өнеріне деген құштарлығым артты. Ал білімімді кәсіби түрде жалғастыру үшін маған оқуға түсу қиынға соқпады. Менің талантымды көрген оқытушылар Омбы педагогика институтына бірден қабылдады.

Бүгінгі таңда Валерий Савельевтің шығармашылық және педагогикалық қызметінде жеткен табыстары аз емес.  Өнер тарланының шәкірттері Суретшілер одағына мүше, кейбіреулері шетелдерде оқуларын жалғастыруда, 17-сі академия бітіріп, жемісті еңбек етуде.

Гүлден Сәрсенбаева