Қоғам

“Әке – жауапты лауазым”



 

 Бүгінде өңірімізде 350-ге жуық жалғыз басты әкелер бар екен. Оның тең жартысы облыс орталығында тұрады. Кейбірі тіпті 5 балаға дейін тәрбиелейтін көрінеді. 500-ден артық   азаматтың әке құқығын дәлелдейтін өтініштері қаралуда. Бүгінгі нарық заманында тиын-тебен табумен қатар балаға ұлағатты тәрбие беру оңай шаруа емес. Қыруар уақыт пен шыдамдылықты талап етеді. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Әсіресе көпбалалы әкелер үшін тіпті қиын.

Жұлдыз Төренова, СҚО балалардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы:
Қазіргі кезде әкелердің мәселесіне көп көңіл бөлінбейді. Сондықтан да балалар құқықтарын қорғау департаментінің жанынан “Әкелер тағылымы” атты клуб ашылды. Мұнда жалғыз басты әкелерді шақырамыз. Онда әкелерден тәрбие алып жатқан ұл-қыздарға көмек көрсетеміз. Көбіне психологиялық, құқықтық көмек, кеңес береміз. Өзге де мамандарды шақырып, көптеген мәселелерін шешіп отырамыз.  

Шаңырақ иесі, отағасы ер адам алдымен балалары үлгі тұтар тәрбиеші. Өмірдің өзінен алынған халық даналығы “әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дейді. Дөңгелек үстел басында ананың мейірімінен айрылған бүлдіршіндердің қоғамнан  лайықты орындарын табуларына көмектесу жағы ерекше айтылды.

 Айгүл Айтымова, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:
-Қазақ айтады ғой әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз  өседі деп. Әрине әкенің тәрбиесіне қарап әсіресе ер бала Отанын сүюге, патриот болуға әрқашан да ұмтылады. Сондықтан анамен бірге әкенің де бала тәрбиесінде рөлі ерекше.

Өткен жылдың өзінде мыңға тарта солтүстікқазақстандық отбасы некелерін бұзыпты. Шаңырағы шайқалған отбасында бала тәрбиесі де ақсап қалады. Дүние есігін ашқан әр нәресте үшін отбасы ең бірінші әлеуметтік институт. Сондықтан бесіктен толыққанды бақытты отбасында өскен балаға одан артық тәрбие жоқ дейді мамандар.

Жеңіс Ермұқанов