Билік

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы

 

Сапалы ауыз сумен жабдықтау жұмыстары елімізде сегіз жыл бұрын басталды. Осы уақытта облыста 1,5 мың шақырым су құбыры салынды. 145 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізіліп, 122 ауылда сумен жабдықтау жақсарды. Орталықтандырылған суды пайдаланатын елді мекендердің де қатары артты.

  Игорь Киселев, облыстық құрылыс басқармасының бастығы:
– Орталықтандырылмаған су көздерін пайдаланатын елді мекендердің саны 501- ден 326 –ға дейін қысқарды. Ашық су қоймаларының суын пайдаланушылар 38 ауылды құраса, бүгіндері олардың саны төртеу.

Дегенмен шалғайдағы таза суға деген сұранысты қанағаттандыру үшін әлі де талай ауқымды шаруаларды тындыру керек. 2020 жылға дейінгі уақытты қамтитын жаңа жоба жасалды. Серік Біләлов   осыған дейін салынған және ағымдағы жылы тұрғызылатын су нысандарын коммуналдық меншікке алу мәселесін көтерді. Жиынға қатысушылар бір нысанды коммуналдық меншікке алу үшін кемінде 150 мың теңгеге дейін қаражат қажет дейді. Оның үстіне меншік иесіне салынатын мүлік салығы тағы бар. Облыс әкімі бұл жұмыстарды уақыт оздырмай реттеуді тапсырды.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– 2011 жылы “Ауыз су” бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстар белгіленді.
Қажетті қаражат республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінді. Жоба-сметалық құжаттар толықтай ресімделген. Қазір мердігерлерді анықтау үшін байқаулар өткізіліп жатыр. Маусымның біріне дейін орынбасарым Александр Чженның басшылығымен иесіз су нысандарын тіркеуге алып, олардың қожайындарын анықтау керек.

Әкімдіктің отырысында көктемгі егіс науқанына әзірлік барысы да пысықталды. Ағымдағы жылы егістік көлемі 4 млн 600 мың гектарды құрамақ. Қарақұмық, картоп және көкөніс өсіретін алқаптар ұлғаяды. Аймақ басшысы көктемгі егіске сапалы тұқым  әзірлеу, техника паркін дайындау қажеттігіне тоқталды. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Бірақ тіл мәселесі өзекті тұр. Өткен жылы тілдерді дамыту жөніндегі басқарма тіл заңдылығының орындалуына қатысты 700- ден аса   мекемелерді тексерген. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы облыста коммунизм көшбасшыларының атымен аталатын көше, ауыл аттарының жетіп артылатынын  айтты. Бұларды ауыстыру біртіндеп жүруі керек. Мемлекеттік және өзге де тілдерді дамытуға облыстың алты ауданының биылғы бюджетінде қаржы қарастырылмапты. Аймақ басшысы бұл жұмыстардың барлығын бір жүйеге салуды тапсырды.

Дана Ғизатова