Мәдениет

Артур Сабитов пен Кристина Григорян ел чемпиондары атанды

 
Артур мен Кристинаның әрбірі спорттық бимен 11 жыл қатарынан шұғылданып келгенімен, олардың бірлескен мықты жұбы осыдан 2 жыл бұрын ғана құрылды. Осы мерзімде олар Макаода өткен Азияның әлемдік ашық біріншілігінде 2-ші орын, Қазақстан чемпионатында 2-3-ші  орындарды иеленіп, Азия ойындарында финалға өтіпті. Ал ел чемпионы титулына қол жеткізу үшін бұл жұп 11 жылға созылған қиын жолдан өттік дейді.

 Артур Сабитов, спорттық биден ҚР чемпионы:
– Біз Италия, Франция, Ресейдің атақты, тәжірибелі жаттықтырушыларымен дайындалдық.
Негізгі ұстаздарымыз Александра Юрьевна мен спорттық биден Ресейдің чемпионы мәскеулік Мария Тзапташвили. Ол бізге 2-3 айда бір келіп тұрады. Бұл біздің Қазақстан чемпионатына соңғы рет қатысуымыз болды. Сондықтан ұзақ жылдық еңбегімізді зая кетірмей, қалай болғанда да чемпион болуға тиіспіз деп өзімізге талап қойдық, міне, соны орындадық.

Спорттық биде әр қимылдың тиянақты, әдемі әрі анық болуы шарт. Оған қоса екі бишінің қозғалыстары үнемі сәйкес, бірдей болуы тиіс. Талаптың ең қиыны да осы болса керек. Тәуліктің жартысынан көбін бірге өткізетін адамдар жан-дүниелерімен де үйлесіп, жарастық табулары тиіс. Осы орайда біраз келіспеушіліктер болғанын жастар жасырмады.

 Артур Сабитов,  спорттық биден ҚР чемпионы:
-Мен жұптағы басым күш ретінде Кристинаға кемшіліктерін, ескертулер айтып отырамын. Оның үстіне менімен кез келген адам тіл табыса бермейді. Бірақ оның бәрі артта. Біз белгілеген межеге жеттік.

 Кристина Григорян, спорттық биден ҚР чемпионы:
 -Спорттық би мен үшін өмірімнің негізі. Сондықтан қандай қиындықтар болса да жеңіп шығуға тырыстық. Мен 2 рет жұбымды ауыстыруға бел будым.
Дегенмен ойымды жүзеге асырмағаныма қуаныштымын.

Енді бишілер әлем чемпионатына алған жолдамаларын сәтімен пайдалануға бел буыпты. Әлем үздіктері титулына жету үшін бізге бір қадам ғана қалды. Қазан айына дейін шеберлігімізді әлі де шыңдай түсеміз дейді өздері.

 Александра Еремеева:
-Биылғы жыл Артур мен Кристина үшін аса сәтті болды. 3 мәрте әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатыстық. Ел чемпионатында жеңіске жетудің 2 жыл бойы сәті түспеді. Оған спорттық биден Қазақстандағы үздік мектептің тәрбиеленушілері жол бермейтін. Биыл оған қол жетті. Менің қуанышымда шек жоқ және олардың ата-аналарына ағысымды айтамын.

Биыл Артур Сабитов мектепті тәмамдайды. Сол себепті алдағы үлкен сынға дайындалу қиынға түспек. Дегенмен жеңіске қол созамыз дейді олар.  Бұл мектепте чемпиондардың ізін басатын басқа да жастар да өсіп келеді.

 Алёна Приходько, “Александра” спорттық би мектебінің тәрбиеленушісі:
– Біз оларға қарап өсеміз, еліктейміз. Сондықтан тәжірибе жинап, алда үлкен жарыстарға қатысамыз деп сенемін.

Кәусар Аяпбергенқызы