Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау саласы алға басып келеді



 

 

Балалық шағынан дәрігер болуды армандаған Жеңіс Әбілев 1987 жылы Қарағанды медицина институтына оқуға түскен. 2-курста бұрынғы Целиноград институтына ауысып, оқуын сонда тәмамдады. Сөйтіп 6 жылдан кейін кіндік қаны тамған жер – солтүстік өңірге оралып,  3-ші қалалық емханада қызметін бастаған. Алғашқыда көптеген қиындықтарға тап болған білікті маман дәрігерлердің бүгінгі жағдайын, бұрынғымен салыстыруға болмайтындығын айтып отыр

  Жеңіс Әбілев,  №2 емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Біз қызметке тұрған кезде еңбекақымыз 4-5 мың теңгені құраған. Ол кезде жас мамандарға көтерме ақы төлемейтін. Баспанамен де қамтамасыз етпеді. Ал бүгінде жас дәрігерлер 200 мың теңге көлемінде көтерме ақы алады. Медицина саласындағы мамандарға пәтер сыйлап жатыр. Мен де 2005 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында 5 бөлмелі пәтерге ие болдым. Сол үшін Елбасымызға алғысымды білдіргім келеді.

Тәуелсіз 20 жылдың ішінде қоғам біршама ілгеріледі. Соның ішінде денсаулық сақтау саласы нық қадаммен алға басуда. Өйткені егемендігін жария еткен соң  мемлекет халықтың денсаулығын бірінші кезекке қойды. Соңғы жылдары ауруханаларға заманауи жабдықтар алынып, мамандар шетелдерде біліктілік арттыруда.

  Жеңіс Әбілев,  №2 емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Лапороскопиялық емдеу әдісі өңірімізде кең етек жаюда. Ал бұл әдіс Дүниежүзі бойынша тек 1985 жылы емдік шараларға енгізілген. Америка, Еуропа елдерінде пайдаланылатын жоғары сапалы емделу біздің азаматтарға да қолжетімді. Сондай-ақ мемлекетімізде тегін медициналық көмек көрсету де қарастырылған. 

Ақ халатты абзал жан мемлекетімізге қатысты саяси жағдайларды қалт жібермейтін көрінеді. Сондықтан президент  сайлауына да үлкен жауапкершілікпен қарайды.

  Жеңіс Әбілев,  №2 емхананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
 – Қазақстандағы жағдай тұрақты. Мен де әрбіріміз сияқты ашық аспан астында, бейбіт елде өмір сүргім келеді. Сонымен қатар, Әр азамат елінің дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Алдағы сайлауға да қатысып өзі қалаған үміткерге дауыс берген жөн.

Жеңіс Әбілев соңғы айда қалалық 2-ші емханаға басшылық етіп жүр. Қазір бұл емдеу мекемесінде 249 маман еңбек етеді. Емханаға қаланың 57 мың тұрғыны тіркелген. Күніне 300-500 азаматты қабылдайтын емдеу орнында білікті мамандардың тапшылығы байқалады. Сондықтан емдеу мекемесінің басшылығы еліміздегі медицина  академияларымен келісімшартқа тұрыпты. Оған сәйкес маманды даярлау үшін емхана қаржы бөледі. Оқуын тәмамдаған соң, маман осы мекемеде қызмет ететін болады.

Айдана Демесінова