Ауыл шаруашылығы

“Дайындық” ЖШС асыл тұқымды мал басын көбейтіп жатыр



 

 

Біржан Шаймерденов өз ісін еліміз егемендігін алғаннан кейін көп ұзамай қолға алыпты. Алғашқы жылдары 800 гектар жерге дән ексе, бүгінде “Дайындық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі алқап жеті мың гектардан асып жығылады. Енді кәсіпкер етті мал шаруашылығымен мықтап айналыспақ. Өткен жылдың аяғында Дайындық ауылында мал фермасы іске қосылды. Қазір мұнда 160 бас ірі қара мал бар. Шаруашылықта асыл тұқымды мал басын көбейтуге басымдық беріліп отыр.

  Біржан Шаймерденов,  “Дайындық” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
-Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарынан қазақтың ақ бас тұқымын әкелдік. Бұл етті мал. Жем-шөп бар. Былтыр 166 гектар жерге жем-азықтық дақыл ектік. Шабындық бар.  

Мал фермасы ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылған. Бүгінде бұл жерде сегіз адам еңбек етеді.
Елбасы биылғы Жолдауында аграрлық салада етті мал шаруашылығын дамытуды басым бағыт ретінде айқындаған болатын. Бұл ретте кәсіпкер бастаған ісін кеңейтуді көздеп отыр. Келесі жылы 400 басқа шақталған тағы бір ферма ашу жоспарда бар. Қазірде кешенді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күні елімізде өз кәсібіңді дөңгелетіп, жетілдіруге мүмкіндік мол дейді серіктестік директоры. Мемлекет бизнесті үнемі қолдап, барынша көмек көрсетіп келеді. .

  Біржан Шаймерденов,  “Дайындық” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
-Мемлекеттен көмек көп. Кредит беріп жатыр 6 пайызбен.

Сондай-ақ кәсіпкер жылқы өсірумен де айналысады. Бүгінде шаруашылықта 100 бас жылқы бар.
Біржан Шаймерденов туған ауылына барынша жанашырлық танытып жүрген азамат. 2009 жылы Дайындық ауылындағы мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Барлық мерекелер мен жиындарды ауыл тұрғындары жаңарған нысанда өткізеді. Ал осыдан жеті жыл бұрын бой көтерген мешіт қалың қауымды ізгілікке бастап, имандылыққа тәрбиелеуге ықпал етуде. Ауылда өткен жылы мектеп жанынан шағын орталық ашылған. Оны жарақтандыруға да кәсіпкер қол ұшын беріпті. Бүгінде мұнда жеті бүлдіршін тәрбиеленуде.  
Кәсіпкердің 1500 тұрғыны бар көрші Лесное ауылында да шағын кәсібі бар. Екі жыл бұрын ашылған «Дастархан» дәмханасы 180 орынға шақталған. Бұл жерде айына алты шараға дейін өтеді екен.

  Светлана Долгова, “Дастархан” дәмханасының меңгерушісі:
-Дәмхана жоғары сұранысқа ие. Бұл жерде үйлену тойлары, мерейтойлар өтеді. Адамдар бүкіл ауданнан, тіпті қаладан да келіп, тапсырыс жасайды. Төрт адам жұмыс жасаймыз. Бізге барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ кешенде ауыл жастары бос уақыттарын өткізетін биллиард залы бар. Ал азық-түлік дүкеніндегі тауардың сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілінен шығып отыр.

Айымгүл Әбілева