Ауыл шаруашылығы

Республикалық селекторлық кеңесте көктемгі егіске дайындық мәселесі қаралды

 

 

 

 

Алдағы көктемде өңірде  4 млн 600 мың га алқапқа түрен тимекші. 3,9 млн га аумаққа бидай себіледі. Бүгінде жерге сіңірілетін 546 мың тонна тұқым толықтай тексеріліп, жарамды деп табылған. Маңызды науқанға техниканы сайлау да жоспарлы түрде жүріп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы жер өңдеуде нолдік технологияны алғашқы болып қолданғандардың санатында. Биыл да алқаптарға заманауи техника шығып, озық технологиялар қолданылады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Бүгінгі таңда 952 млн теңгеге 112 дана жаңа себу кешені  сатып алынды. Тұқым себетін, жер өңдейтін өзге ауыл шаруашылығы техникасы жөнделіп жатыр. Дайындығымыз 82 пайызды құрайды. Биылғы егіс кезінде алқаптарға 900-ге тарта тұқым себу кешені шығады. Нәтижесінде егістік жерлердің 70 пайызы осындай заманауи техниканың көмегімен өңделіп, тұқым себіледі. Алдағы науқанда өңірдің агроқұрылымдарына 63 мың тонна жанар-жағар май керек. Қазір қолда бары – қажеттіліктің 21 пайызы.
 
Министрліктегілер хабарлағанындай, әр өңірге тиісті мөлшерде мұнай өнімдері жеңілдетілген бағамен – литрі 68 теңгеден жеткізілмек. Диқандарды қолдау мақсатында бірнеше жыл қатарынан “Қазагро” арқылы көктемгі тұқым себу шараларын несиелендіру де жүзеге асып келеді. Биыл облыстан мұндай көмекке 36 серіктестік үміт артып отыр. Жергілікті шаруалардан 4,5 млрд теңгеге өтініш түскен.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға 6,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын қолдауға 4 млрд 800 млн теңге; 1,4 млрд-ы мал шаруашылығына бағытталмақ. Бұрын-соңды агроөнеркәсіп кешеніне мұндай көлемдегі қаржы бөлінбеген-ді. Сондықтан  ауыл шаруашылығы еңбеккерлері сапалы өнім алуды мақсат етіп отыр.  
 
Әзірше саймандарын сайлаған республикадағы барша диқандар  ауа райының қандай мінез танытатынын күтуде. Тұқым қардың еруіне байланысты себілмек. Ауыл шаруашылығы министрі көпжылдық тәжірибе мен нормалардан ауытқымау керектігін ескертеді. Өткен жылы астықты дер кезінде егіп, ылғал сақтау технологияларын игерудің арқасында ғана қуаңшылыққа қарамастан, мол өнім алдық. Бірақ былтыр республиканың батыс өңірлерін құрғақшылық жалмап, диқандар нансыз қалған-ды. Бүгінгі селекторлық кеңесте  бұл өңірлердің тұқыммен қамтамасыз етілетіні айтылды. Сондықтан Премьер-Министрге алғыс білдіргендер көп болды. Өз кезегінде министрлер кабинетінің басшысы еңбектері еш кеткендерге ақыл-кеңес беру үшін  Үкімет үйіне үздік диқандарды шақыртқан. Олардың араларында   «Тайынша Астық»  ЖШС жетекшісі Анатолий Рафальский де бар. Жерлесіміз  осы күні өсімдік шаруашылығымен қоса мал басын арттыруды да қолға алған. Алдағы мақсаты  – сүтті сиырлармен қатар ақбас етті малдың  санын арттырып, Елбасы тапсырмасын орындау.  Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына Серік Біләлов  маңызды науқанға дайындыққа баса назар аударуды тапсырды.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Барлығын тағы бір мәрте қарап шығу керек. Әсіресе  жөн. Күн біршама жылынды, сондықтан  машина-трактор шеберханаларындағы жұмыстарды жандандыру керек.  

Облыс басшылығы көкөніс бағасын тұрақтандыру шараларын да қарастырып отыр. Биыл картоп отырғызатын  аумақ  екі есеге, ал көкөніске бөлінетін алқап  50 га-ға артпақ.

 Гүлмира Шоқтыбаева