Құқық қорғау органдары

Мерзімінен бұрын бостандыққа шықты

 

 

 

 

Еліміздің құқық қорғау саласы заман ағымына сай қоғамды одан әрі ізгілендіру мақсатында бірқатар реформаларды бастан өткерді. Соңғы рет қылмыстық кодекстегі 699 бапқа  38 толықтыру еңгізілді. Өзгерістерге сай қылмыскерлерге тағайындалатын шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы 3 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды. 214 тармақ бойынша қылмыстардың көбі әсерлерін жоғалтып, әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне ауыстырылды. 17 қылмыстық құрамда жаза төмендетілді. Ал 18 қылмыстық құрам бойынша тіпті бас еркінен айыру жазасы алынып тасталды. Бұл өзгертулер қаңтардың 18-нен заңды күшіне енді.

  Саян Асқаров,  СҚО түзету мекемелеріндегі заңдылықты қадағалау прокурорының көмекшісі:
 – Жеке мақсатта нашақорлық заттарды сақтағаны  немесе пайдаланғаны үшін 259- баптың 1-ші тармағына байланысты сотталған тұлғалар 1-3 жылға дейін бостандығынан айырылған. Оларды бүгін сот отырысында қарап, жазасын өтеп жатқан мекемесінен босатып жатырмыз.

Игорь Высоцкий 1 грамға дейінгі көлемде есірткі сақтағаны үшін өткен жылы 3 жарым жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бүгінгі сот отырысын Игорь тағатсыздана күтті. Өйткені заңға енгізілген өзгертулерге сай 29 жасар жігіт айыпталған қылмыстық бап биылдан әкімшілік жауапкершілікке көшірілді.  Енді оның жазасын өтеу мерзімі жарты жылға қысқартылып, қалғанын  шартты түрде өтейтін болып отыр.  Егер әкімшілік тәртіп бұзушылық қайталанатын болса, Игорь қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Аққайың ауданындағы Полтавка селосында қалған анасы мен қарындасын мерзімінен бұрын қауышуға асық жазасын өтеуші жағымды жаңалыққа сенер емес. Енді ол қалған екі жылын тар қапаста емес, шартты түрде бостандықта өтейтін болады.

 Игорь Высоцкий:
– Не бүлдіргенімді темір тордың ар жағында бірақ түсіндім. 7 рет өлшеп бір рет кесу керек екендігін де осы жерде ұқтым. Өмірлік сабақ алдым. Қайтып оралмас үшін оң жолдан таймауға тырысып бағамын. Отбасын құрып, жұмысқа тұрамын. Кез-келген шаруаны атқаруға дайынмын. Әрине әр құлшынысым тек заңды болады.  

Сот отырысында сондай-ақ жазасын өтеп жүрген ұрыларға қатысты шешімдер де шығарылды. Енді  бөтеннің мүлкіне қол сұққандар шығынды толығымен өтесе, қамауға алынбайды. Қазақстан түрлі деңгейдегі қылмыстар жасап темір тордың ар жағына тоғытылғандардың саны бойынша әлем елдерінің ішінде 17 орында келеді. Бүгінде 52 мыңнан астам адам қапаста жазаларын өтеуде. Президент ел халқына арнаған жолдауында үстіміздегі жылдың өзінде ауыр­лығы азын-аулақ және орташа қылмыстар үшін сотталған екі мыңға жуық адам түрмеден шығатынын айтты. Облысымызда ондайлардың саны – 34.  Сонымен қатар 100-ден астам сотталғанның мерзімдері қысқартылады. Бұл, әрине, қоғамнан оқшауланған азаматтардың жақсы жолға түсіп, мемлекеттің тең құқылы азаматтарына айналуларына жол ашады.  

Жеңіс Ермұқанов