Білім

Ел дамуының негізгі бағыттарының бірі – білім беру

 

 

 

 

Қазақ елінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге мүмкіндік алғанына биыл жиырма жыл. Осы уақыт ішінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты, мәдени, рухани келбеті бұрын болып көрмеген биік деңгейге көтерілді. Барлық салада толағай табыстарға жеттік. Оң өзгерістер білім беру жүйесінде де молынан орын алды.

  Александр Тукачев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми жұмыс және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры:
– Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз бағыт-бағдарын, алдында тұрған міндеттерін айқындап алды. Ел дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде білім беру саласына айырықша көңіл бөлінді. Тоқсаныншы жылдары технологиялық қайта құру басталды деп айтсам болады. Университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында үлкен жұмыстар тындырылды. Оқу орнының корпустары жаңартылды. 2004 жылы обсерватория салынды. Жаңа бассейн заман талабына толық жауап береді. Медициналық пункт жұмыс істейді. Интернет клубы ашылған.

Қысқасы  бүгінде студенттердің жақсы білім алып, өз мамандығының қыр-сырын тануға тиісті жағдай жасалған дейді Александр Тукачев. Қазірде елімізде кейінгі толқынның шетелде білім алуына да мүмкіндік жасалуда. “Болашақ” бағдарламасы бойынша қаншама талапты жас әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім қуып жүр. Шетке шыққысы келмейтіндер жаңа Назарбаев университетінде халықаралық талаптарға сай мамандық меңгере алады. Шәкіртақы көлемі де жыл сайын көтерілуде.

  Александр Тукачев, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми жұмыс және сыртқы байланыс жөніндегі проректоры:
– Білім беру саласына жыл сайын бағытталатын қаржы көлемі артып келеді. Мәселен, біздің университетке бөлінетін бюджеттік қаржы отыз есе өскенін айту керек. Бұның барлығы Елбасының салиқалы саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Президент биылғы Жолдауында білім мен ғылымды дамыту бағытында жаңа мақсат-міндеттерді
айқындады. Оларды табысты жүзеге асырсақ бұл жүйені жаңа деңгейге көтереміз.

Бүгінге дейін білім беру жүйесін жаңғыртуда үлкен жұмыстар тындырылды. Енді жиырма жыл ішінде өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жасампаздықпен жалғастыру міндеті тұр.

Айымгүл Әбілева