Мәдениет

“Елім – алтын бесігім”

 

 

 

 

Мәдени шараға келгендер алдымен Қазақстан суретшілері қауымдастығының мүшесі Жамбыл Қалиевтің шығармашылығымен танысты. Қылқалам шебері – Есіл ауданы, Өрнек ауылының тумасы. Өнер тарланын ел деңгейінде ғана емес, Ресейде де жақсы біледі, тек шетелдерде дизайнер деп таниды. Себебі  ол суретшілікпен қатар ғимараттарды безендіруді де кәсіп етеді. Осы жолы Жамбыл аға қонақтардың назарына аңыз-ертегі әлеміне арналған туындыларын шығарды. Соның ішінде “Жеке батыр мен жезтырнақ” жастардың үлкен қызығушылығына ие болды.

  Жамбыл Қалиев,  Қазақстан суретшілері  қауымдастығының мүшесі:
Суреттерімді әкеліп отырмын, 8 жұмысты. Олар әр вариантта,  жанрда салынған. Көбіне эпос-жырлардан алынды. Әкемнен естіген әңгімелер жазылған.

Көрменің екінші бөлімінде солтүстікқазақстандықтар облыс табиғатына құрылған  пейзаждарды тамашалады. Бұл еңбектердің авторы  – Қазақстан суретшілері одағының мүшесі Алтын Кәрімова. Талант иесі бейнелеу өнерімен бала күнінен әуестеніп келеді. Бүгінгі таңда туындыларының нақты санын атап айту қиын. Ал мына көрмеге майлы бояумен салынған 17 еңбегі ілінген. Нәзік жан осы жолғы жұмыстарын жайдарлы жыл мезгілі –  көктемге арнапты.

  Алтын Кәрімова,  Қазақстан суретшілері одағының мүшесі:
Туған өлкеге арналған суреттердің ішінен мен “Батыр” туындысын көктемге арнаған едім. Онда Есіл жағалауында дем алып тұрған батыр бейнеленген. “Ақ тырналар” еңбегі де осы мезгілдің ерекше қырларын танытады.

Жақында Алтын Кәрімова Алматыда өтетін “Қазақстан мұрасы” көрмесіне қатыспақ. Онда қала сәулетіне арналған суреттер қойылады. Қылқалам шебері қаламыздың ең көрікті ғимараты – орталық «Қызылжар» мешітін қағаз бетіне түсіріп, жіберуді жоспарлапты.  Технология пәнінің оқытушысы Ерғали Сәткенов облыс тұрғындарын қолданбалы қолөнерімен тәнті қылды. Сегіз қырлы бір сырлы жан өзімен бірге сүйектен ойылған классикалық мүсіндерін әкеліпті. Сирек қолданылатын материалдан жасалған бұйымдар жас буынға сонау сақ дәуірінен көп мәлімет берді.

  Ерғали Сәткенов, Қазақстан суретшілері одағының мүшесі:
– Соңғы онжылдықта ағаш пен сүйек қатар келе жатыр. Сүйектен ою бұл қазақ дәстүрінде ұмытылып бара жатыр. Археологиялық қазбаларға келсек, сақ дәуірінде сүйектен бұйым жасау жақсы дамыған.

Көрмеден соң жиылған қауым концертті тамашалады.

Гүлден Сәрсенбаева