Білім

Ішкі әскер – мемлекеттің тәуелсіздігін, ел аумағының тұтастығын сақтауда маңызы зор құрылым

Сержан Рахымов –  әскери институттың бірінші курсында оқиды.  Әскери болу оның бала жасынан бергі арманы еді.

Алдына айқын мақсат қойған Сержан болашағының жарқын болатынына сенімді. Бүгінде егеменді еліміз әлемдегі өркениет жолымен серпінді дамып келеді. Әлбетте, мемлекетпен бірге оның ішкі әскері де жылдан-жылға нығаюда.

 Сержан Рахымов,  ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының курсанты:
– Әскери институтта оқып жатқанымды мақтаныш етемін. Өйткені екі адамның бірі погон тағып, әскери адам бола бермейді. Қазір оқып жатқан институтта оқу үшін бар жағдай қарастырылған. Жоғары дәрежелі оқытушылар білім беруде. Тұратын орын, тамақ, киім жағы жоғары деңгейде қарастырылған.

Әскери институт еліміздің ішкі әскеріне мамандар даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны. Аталған құрылымның негізі қаланған алғашқы жылдары кадр тапшылығынан қиындықтар болған. Осы жағдай ескеріліп, Петропавлда ішкі әскерге мамандар даярлайтын жоғары оқу орнын құру туралы шешім қабылданды. Жауынгерлік туды оқу орнына Елбасы өз қолымен табыс еткен. Биыл әскери институттың құрылғанына он төрт жыл. Оқу орнының түлектері бүгінде еліміздің түкпір-түкірінде табысты еңбек етіп жүр.  Ішкі әскер – тәуелсіздікті, ел аумағының тұтастығын сақтауда маңызы зор құрылым. Сондықтан мемлекетімізде оны дамытуға үлкен мән берілуде. Ішкі әскердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, әскери қызметтің беделін көтеріп, қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор көңіл бөлініп жатыр. Әрине, бұның барлығы тәуелсіздіктің жемісі дейді әскерилер. Егемендік алғаннан бері еліміз бағыт-бағдарын, алдында тұрған міндеттерін айқындап алды. Осы мақсаттарға жету жолында сенімді түрде алға жылжып келе жатыр. Бұл ретте болашақ офицерлер де әскери анттарын мүлтіксіз орындап, елге адал қызмет етуге даяр.

  Алмас Құсайынов,  ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
– Мен тәуелсіздіктің құрдасымын.
20
жылда көптеген жетістіктерге жеттік. Қазақстанның азаматы ретінде мақтан етемін.
 
 

 

Айымгүл Әбілева