Әр түрлі

Қала көшелері қардан тазартылып жатыр



 

 

Биыл қардың әдеттегі мөлшерден 1,5 есе көп түскені коммуналдық қызметтердің жұмысын молайтқан. Облыс орталығында көктем қамына 5 кәсіпорын кірісіпті. Ертерек қарды шығармаса, ертең-ақ су тобыққа жетеді.  Одан әрі үйге кіріп, жертөлені толтырып, тұрғындардың тынышын алады. Қар шығару науқаны қалалық әкімдіктің арнайы кестесіне сай жүргізіліп жатыр.

  Руслан Мақашев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің  бас маманы:

– Қыс басталғалы 311 мың текше метр қар шығарылды. Бүгінде 60 арнайы техника көшелерді тазартуға жұмылдырылған. Яғни тұрғындардың мүлкін сақтау мақсатында бар амалдар қолданылуда. Ағын су тораптарын қардан аршуға кірістік.

Жұмыс жеке секторы мол Ойқала, Бензострой, Жұмысшы кенттерінде қызған. Күзгі жауын-шашында, көктемгі қар ерігенде зардап шегетіндер де осылар. Сондықтан  алдын алу шаралары кестесіне бұл аудандар алдымен кірген. Тұрғындар  да аулаларын тазалап, сақтанып-ақ жатыр.

 Тұрғындар:

-Жыл сайын үйге су кіреді. Өткен жылы қарды аз тасыды ғой. Биыл ертерек қимылдап жатыр. Сондықтан су баспайды деп ойлаймыз.
– Биыл бәрі дұрыс болады деп үміттенеміз.

Жеке сектор тұрғындары әдетте ауладағы қарды жол жиегіне лақтырумен шектеледі. Ал ереже бойынша ауладағы қар қала сыртына шығарылуы тиіс.

  Серікбай Жүсіпов:

– Бізге жеңілі қарды көшеге төгу. Арнайы көлік шақыру біраз шығынды қажет етеді.

Қыс бойы қар мүлдем шығарылмайтын көшелер де бар. Московская көшесінің тұрғындары жылда көктемде су сорғыш көліктерді бір-ақ көреді.

  Елена Тажиева:

-Біздегі қар ешқашан шығарылмайды. Өзіміз барынша көлік жалдауға тырысамыз. Биыл қар мол. Жағдайымыз не болатынын кім білсін.  

Күннің күрт жылынуынан сақтанған қалалық әкімдіктегілер ғимарат шатырларындағы қарды түсіру жұмыстарын да бақылауға алған.

 Әсем Рахметова