Қоғам

Әзірбайжан ұлттық-мәдени орталығында Жолдауға арналған жиын өтті

 

 

 

 

Тамам Мамедова – тәуелсіз Қазақстанда дүниеге келіп, жас мемлекетімізбен қатар өсіп келеді. Өз айналасына әзірбайжанның ұлдары мен қыздарын топтастыра білген бойжеткен жақында әзірбайжан жастар қанатының жетекшілігін қолына алыпты. Жас төрағаның бүгінгі баяндамасы  құрдасы -Қазақстан Республикасының жетілу, даму кезеңдеріне арналып отыр. Мерейтойлы жылдағы мемлекет басшысының жолдауы да назардан тыс қалмапты. Еліміздің ертеңі – бүгінгі студент- Президент жолдауындағы әлеуметтің әлеуетін жақсарту жоспарларына үлкен үміт артқан.

 
Тамам Мәмедова,  Әзірбайжан  ұлттық-мәдени орталығы жастар қанатының төрайымы:
– Студенттердің шәкіртақысы өсетін болды. Бұл жастардың білім алуға деген ынтасын артыратыны сөзсіз. Өзім де, мемлекеттік грантта білім алып жатқандықтан, бұған қуанып қалдым.
 

Ел тұрғындарының тұрмысын реттеп, ауқатын арттыруға 20 жылда еңсесін көтерген ел экономикасы мүмкіндік берді. Ал Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдарына   бүгінгі ақсақал Әли Байрамов куәгер. Елімізге алғаш рет 1964 жылы аяқ басқанда – бірінші көргені Петропавлдың сапаржайы болыпты. Бүгінде тоғыз жолдың торабында тұрған вокзалдан-ақ  еліміздің жаңа келбеті көрінеді дейді қария.

 Әли Байрамов,  әзірбайжан этно-мәдени орталығының ақсақалы:
– Вокзал тым ескі болатын.
Айналасын су басып жатады. Сапарға шыққан жолаушылар төселген тақтайларды басып жүретін. Ал бүгін қаламыз мүлдем өзгерді – облыс орталығының әр көшесі жайнап тұр. Жолдар қандай. Бүгінде еліміздегі қай қаланы алмасақ та, осындай деңгейде.
 
Әли Байрамов   жан жарын да өзін құшақ жая қарсы алған қазақ даласында кездестіріпті. Арқаның сұлуы – Зухра екеуінің отау тіккендеріне биыл 46 жыл. Бүгінде  Али қарттың немерелері туған тілдерімен  қатар қазақша судай сөйлейді.

 Әли Байрамов,  әзірбайжан этно-мәдени орталығының ақсақалы:
– Біздің тілдеріміз бір-біріне өте жақын, ұқсас келеді.
Сондықтан менің немерелерім қазақша еш қиналмай сөйлейді. Өлеңдерін оқып, екі тілде ән де салады.

 Ана тілдерінде қысылмай сөйлеп, ата дәстүрлерін қайта жаңғыртқан әзірбайжан  жерлестеріміз қашан да мемлекеттік тілге ерекше құрмет көрсетеді. Алдымен, орталық жетекшісі өз қандастарына үлгі-өнеге көрсетіп жүр.

 Тахир Гусейнов,  әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрағасы:
– Осы саясаттың арқасында біздің балаларымыз әзірбайжан мәдениетін, дәстүрін біліп отырады. Осы саясат үшін біз Елбасына алғысымызды білдіреміз. Біз бәріміз түсініп отырамыз.
 
Қандастарыма осындай мүмкіндіктер жасалған тұста  біз іргелі елдің азаматтары мемлекеттік саясаттан тыс қала алмаймыз дейді Тахир Гусейнов. Сондықтан Елбасы жолдауында 10 жылға межеленген міндеттерді орындау үшін  ел қатарлы еңбек етпекші.

 Тахир Гусейнов,  әзірбайжан этно-мәдени орталығының төрағасы:
– Жолдаудағы көрсетілген мәселелер бәрі азамат үшін, бәрі бізге жақын, біз де Қазақстанның болашағын бірге істеп отырамыз.
 
Әзірбайжан этно-мәдени орталығы шаңырағын көтерген тұста оның төңірегіне бар болғаны 8 адам ғана жиналыпты. Ақсақал Әли Байрамовтың өзі  ол кезде бұл ұйымдардың қажеттілігін аса түсінбегенін айтады. Кейін  түрлі ұлт өкілдерін біріктірген Қазақстан халқы Ассамблеясы өз өміршеңдігін көрсетті. Осы күні  орталықта белсенді түрде халқының құндылықтарын жаңғыртып, насихаттап жүрген жүздеген әзірбайжан ұлтының өкілі бар. Олардың баршасы  Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шараларға атсалысуды мақсат еткен. Сондықтан  қазірдің өзінде орталық басшылығы бұл бағыттағы жұмыс жоспарын әзірлеп жатыр.

Гүлмира Шоқтыбаева