Әр түрлі

Татьяна Ключко – балалар үйінің тәрбиешісі

 

 Бұл үлкен отбасының  кішкентай мүшелері әлі дұрыс сөйлеп, ойларын еркін жеткізе алмайды. Бірақ тәтті қылықтары жанды елітетін балақайлардың жүздерінен бір нәрсені бірден аңғаруға болады. Ол ортақ аналарына деген махаббат. Татьяна Ключко балалар үйінде 18 жыл қатарынан тәрбиеші болып келеді. Сол аралықта ол жүздеген сәбиге туған аналары бере алмаған аналық мейірім сыйлап, бауырына басты. Әйел адам үшін бұдан асқан бақыт жоқ деп есептейді Татьяна Ключко.

 Татьяна Ключко, “Балалар үйі” мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі:
– Менің жұмысым тәрбиеші емес, ана болу. Бұл балалардың бізден басқа жақындары жоқ. Оларға қазір тек біз ғана керекпіз.
Сондықтан жұмысқа кірген бетте олар күннің көзі сияқты күлімдеп мені қарсы алады. Сол мезеттен бастап мен басқаның бәрін ұмытып, балалар әлеміне еніп кетемін.

Мұңайып тұрған күннің көзін кір қыстырғыштар арқылы күлімдету балалардың сүйікті ойыны.   
Кір қыстырғыштар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, саусақ ұштарын да жаттықтырады. Бәрінен де олармен ойнағанды 2 жастағы кішкентай Геля жақсы көреді екен. Әлі тілі шықпаса да Ангелина түстерді ажырата алады. Ал оның қасындағы Алена  басқаларға қосылмай өз бетінше ойнағанды қалайды. Бұл жас аралығы балалардың мінез құлықтары мен дүниетанымдары қалыптасатын шақ дейді тәрбиешілер. Сондықтан Татьяна Ключко әр баланың мінезін жақсы біліп, ешбірін аналық мейірімнен алаламайды.  

Татьяна Ключко, “Балалар үйі” мемлекеттік мекемесінің тәрбиешісі:
 – Денсаулығыма байланысты маған 1 баладан артық тууға рұқсат етпеді. Ал мен өзімде көп бала болса деп армандаушы едім. Енді сол арманым орындалды. Мен бар аналық мейірімім мен жылуымды осыларға беремін.Мен үшін бұдан артық бақыт та жоқ.

65 бүлдіршінге алаңсыз тәтті балалық сыйлау үшін мұнда 120 қызметші, оның ішінде 117 әйел еңбек етуде. Тек осы топтағы 12 бүлдіршін үшін ең жақыны –  Татьяна. Бақытты әйел, сүйікті ана ретінде қалыптастым деген ол шын мәнінде бақытты да шығар. Тек оның жүрегінде мәңгіге орын тепкен бір арман бар. Ол – сәбилерінің әрқашан күн сөнбейтін, аспаннан бұлт төнбейтін және қасында әрдайым анасы жүретін алаңсыз болашақтарын көру.

Кәусар Аяпбергенқызы