Билік

8 Наурыз мерекесіне арналған салтанатты жиын

 

 

 

 Салтанатты шараға мейірім мен шапағатты, ізгілік пен ұлағатты бойына жинаған аяулы аналар мен әжелер, өмірдің мәні мен сәні –  әсем арулар жиналды. Бүгінгі бар құттықтаулар мен жылы лебіздер осы асыл жандарға арналады. Алғашқы  болып  әйелдерді облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
-Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнде нығайып, әлем таныған абыройға жетуіне асыл аналарымыз, ардақты апа-қарындастарымыз өлшеусіз үлес қосты. Отбасының шаруасын, бала тәрбиесін және қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп, әйел заты біздің қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау мәселесінде шешуші рөл атқарып келеді. Баршаңызға мереке құтты болсын. Әрбіріңізге шаттық пен бақыт, отбасының аманшылығын, еліміздің өсіп-өркендей беруін тілеймін. Өмірдегі әйел жаққан шырақ сөнбесін.

Облыс әкімі биік мінберден қоғам өміріне барынша белсене араласып жүрген ардақты жандардың есімдерін атады. Олардың әрбіріне жиналғандар қол соғып, зор құрмет көрсетті. Әрине, лайықты қошемет.
Бұның айқын айғағы – өңір басшысы табыс еткен марапаттар. Шаңырағын шайқалтпай, керегесін кең, босағасын берік ұстаған көпбалалы жеті ана алтын және күміс алқаларға ие болды.  Облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Сахнаға түрлі салада – мемлекеттік қызметте, бизнесте, білім беру, денсаулық сақтау – өзге де бағыттарда қажырлы еңбектеніп жүрген нәзік жандар көтерілді. Олардың әрбірі өздерінің біліктілігін, іскерлігін барынша танытып үлгергендер.  Бұл күні төртінші сәбиді дүниеге әкелгелі отырған аяулы аналарға да қошемет көрсетілді. Оларға “Ұрпақ қоры” бағдарламасы бойынша әлеуметтік көмек алуға арналған сертификаттар тапсырылды.
Әлбетте, марапат пен сыйлықтың нәзік жандар үшін маңызы үлкен-ақ. Алайда бұл күні ер- азаматтардың шынайы көңілден шыққан ізгі тілектері – зор қуаныш.
Ер-азаматтар мерекеде құттықтауларын сөзбен ғана жеткізген жоқ. Жан ана, сүйген жар мен аяулы қарындастарына деген ыстық ілтипаттарын ән жолдарына сыйғызуға тырысты.

 Айымгүл Әбілева