ТЖ

Орманшылар өткен жылды қорытындылады

 

 

 Жалпы облыстың 530 мың гектар жерін орманды алқап алып жатыр. Өткен жаздағы қуаңшылық орман өрттерінің таралуына қамшы болды. Жауапты қызметкерлер сақтық шараларын ұдайы жүргізіп тұрғанның өзінде 1416 мың гектар жер отқа оранған. Келген шығын 21 млн теңгеден асып түсіпті. Ормандардағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 173 адам жауапқа тартылып, оларға 2 млн 427 мың теңге шамасында айыппұл салынды. Аумағы бойынша облыстағы ең үлкен Булаев орман шаруашылығы үшін де өткен жыл төтенше жағдайларсыз болмапты. Есесіне алдағы маусымды олар үлкен дайындықпен қарсы алмақшы.

Мереке Құрманғалиев,  Булаев мемлекеттік орман мекемесінің директоры:
-Биыл жылдың басы қатты болғанмен қар қалың түсті, көктемде ылғал көп болады. Орман қорғауды бірінші кезекке қоямыз, одан соң халыққа отын босатамыз, екпе ағаштарын егеміз, өртке қарсы шаралар қолданамыз.

Алдағы қауіпті маусымға булаевтықтар ғана емес, барлық 49 орман шаруашылығы әзірлік жасап жатыр. Жиында өртке қарсы жақсы қаруланып, браконьерлердің жолын кесуге бағытталған жұмыстарды күшейту қажеттігі ескертілді.

 Айдарбек Сапаров,  облыс әкімінің орынбасары:
-Өрт басталу қаупі туатын маусымға дейін ормандағы қалдықтарды жою қажет. Тек оларды өртеудің қажеті жоқ. Гришанов деген азаматта бұтақтарды жағуға арналған арнайы қазан бар. Қалдықтарды жинап, соған өткізсеңіздер одан пайда табуға да болады.

Жылдың қорытындысы мен алдағы мақсаттар белгілі болған соң жиын марапаттауға жалғасты. Айдарбек Сапаров облыстағы орман және аңшылық шаруашылықтарының үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің құрмет грамоталарын тапсырды.

 
Кәусар Аяпбергенқызы