Құқық қорғау органдары

Қолдан жасалған ішімдік саудасы



 

 
530 арақ қақпағы мен белгісіз сұйықтыққа толы «Старлей», «Статус»  тауар белгілері жапсырылған 33  шөлмекті полицейлер Чайковский көшесі бойындағы жер үйлердің бірінен тәркіледі. Алкоголь өнімдерін жасауға қажет спиртті күдікті сыйымдылығы 30 литр канистрде ұстаған.  Спирттік өнімнің жалпы құны – 26 мың теңгені құрайды. Алаяқ заңсыз кәсібінің үстінен түскен тәртіп сақшыларына арақты көршімнен алдым деп түсіндірген.   25 жастағы жігіттің арам пиғылын жүзеге асыруға досы көмектескен. Шағын фирмалардың бірінде экспедитор болып жұмыс істейтін жолдасы арақты «Старлей», «Статус» маркалы шөлмектерге құйып, сауда нүктелеріне арзан бағаға таратып отырған.

  Ермек Тәттібаев, СҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Қолдан жасалған алкоголь өнімдерін аталған азамат қала шетіндегі шағын дүкендерге және облыс аудандарына апарып, арзан бағаға өткізген.  

Жас жігіттер танымал бренд болып саналатын арақтардың бос шыныларын тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалардан жинаған екен. Олардың айтуынша, дүкен сатушылары ішімдіктің неліктен екі есе арзан екенін сұрамайтын көрінеді. Қазіргі уақытта полицейлер Петропавл арақ-шарап зауытының қауіпсіздік қызметімен бірлесіп шөлмек қақпақтарының қалайша заңсыз алкоголь өндірушілердің қолына түскенін анықтауда. Әзірге тәркіленген өнім сараптамаға жіберіліп, қылмыстық іс жүргізілуде.

 Гүлден Сәрсенбаева