Денсаулық сақтау

Облыста отызға жуық дәрігер тәуелсіз сараптамашы санатына қосылды

 

 

Аккредитациялық комиссияның сұрақтарына жауап беруге келгендер бір айлық курстан өтіп, тест тапсырған. Барлығы – 20-25 жылдық еңбек өтілі бар жоғары не 1-2 санаттағы дәрігерлер. Қолдарына куәлік тиген бойда олар тәуелсіз сарапшы қызметін қатар атқарып, тұрғындарға көмектерін ұсына алады.

  Әлия Жамбаева, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің бөлім бастығы:

-Әрбір пациент өзіне көрсетіліп жатқан медициналық қызметке көңілі толмаса немесе сұрақтар туындаса ішкі аудит қызметіне және тәуелсіз сарапшыға жүгіне алады.

2009 жылдан бері әр емдеу мекемесінде ішкі аудит қызметі құрылған. Көрсетілетін медициналық қызмет сапасы осылардың қарауында. 19 дәрігер өткен жылы аккредитациядан өтіп, тәуелсіз сарапшы атанған. Бұл сарапшылар 12 айда 26 шағымды қарауға, 841 сараптама жүргізуге қатысқан. Бұл жолғы оқу барысында да дәрігерлер тәжірибе жүзінде бірнеше шағымды қарастырыпты.  Арнайы білімнің қажеттігін дәрігерлер де қоштап отыр.

 Нұрлан Жақыпов,  облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

– Бүгінде түрлі шағымдар көп. Олардың барлығына жауап беру үшін нормативтік-құқықтық актілерді жақсы білу керек. Алған білімнің арқасында шағымдарға дұрыс жауап беретін боламыз.

Елімізде тәуелсіз сарапшылар банкі құрылған. Олардың құрамына 350 тәуелсіз сарапшы кіреді. Үстіміздегі жылы Қазақстан бойынша 600 маман даярлап шығару жоспарланып отыр. Осылайша медициналық қызметтің сапасын қадағалау, бақылау жұмыстары толыққанды қолға алынбақ.

Әсем Рахметова