Билік

Гуля Тілегенова – ауыл әкімі

 

 Гуля Тілегенова Мамлют ауданына қарасты Пригородный селолық округін 5 жылдан бері басқарып келеді. 1126 тұрғыны бар ауылды ұршықтай үйіріп отырған нәзік жан мемлекеттік қызметті ер адамдардан кем атқарып жүрген жоқ. Оған қоса отбасын талапқа сай ұстау жағын да  ұмытқан емес. Ауыл әкімінің әр күні отбасының ұйытқысы әйелге тән ошақ басынан басталады. Отағасына таңғы шәйін беріп, түскі асты әзірлейді.

 Гуля Тілегенова,  Мамлют ауданының Пригородный селолық округінің әкімі:
-Әйел үшін ең бастысы шынымен де отбасы. Отбасында тыныштық, түсінік, жолдасың болса көмектесетін , онда әйел бақытты болады. Мен бақытты жанмын. Жолдасымның арқасында осындай еңбек істеп жүрмін деп санаймын.

Шаңырақ иесі Мұхтар Өтесінұлы жарына жүктелген міндетті жеңілдету үшін қолдан келген көмегін аямайды. Үйдегі жұмысқа да бел шешіп кірісіп кетеді. 40 жыл бойы өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып ,сүттей ұйып отырған олар ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде балаларынан үш немере сүйіп отырған ақылгөй-ата , сүйікті-әже.

 Марат Тілегенов:
– Бұл кісі жұмыста болсын, үйде болсын бір қалыпты , арамылығы жоқ. Жұмысты жақсы істемесе ауырады. Әйел ретінде де бәрі жақсы, үйдің ішінде әйелдің бар жұмысын істейді.  

Кейін Гуля Түкенқызы екінші үлкен отбасына  қызмет етуге атанады. Жұмыс күні ауылдықтардың әл- ауқатын көтеру мақсатында алдағы күндерге жоспарлар құрумен басталады. Әлеуметтік мәселелердің  шешімін іздеп келген тұрғындарды қабылдайды.

Гуля Тілегенова,  Мамлют ауданының Пригородный селолық округінің әкімі:
 – Халық әр түрлі болады. Сондықтан жұмыс негізі қиын. Отбасыларға кіріп жағдайды түсіну керек. Отын, су дайындау сияқты көмектесіп, жұмыссыз қалса, жұмыспен көмектесіп, хал- жағдайларын шешіп отырамыз. Сондықтан тыныш отыруға болмайды.

Округке қарасты Покровка мен Красный Октябрь елді мекендерінде 327 отбасы шаңырақ бар.  Бұл жерде түтіндерін түтеткен 58 отбасы  тарихи Отандарына оралған қандас бауырлар. Биыл мұнда тағы да он оралмандар отбасы келмек.

Гуля Тілегенова,  Мамлют ауданының Пригородный селолық округінің әкімі:
–  Көбі легіп кетті, мал ұстайды. 10 отбасы мал шаруашылығын дамыту бойынша кредит алайын деп жатыр 1 млн-ға дейін. Картоп егеді, бірінші жылы көмектесетінбіз. Қазір өздері істейді барлығын.  

Үйдегі сүйкімді жар, аяулы ана, сүйікті әже қызметіне де  аса ұқыптылықпен қарайды. Берген тапсырмаларының орындалуын да әрдайым мұқият қадағалап тұрады.

  Мәриям Ғалиева, Пригородный селолық округі әкімдігінің бас маманы, Мамлют ауданы:
– 2006 жылдан бері Гуля Түкенқызымен бірге істейміз. Кісі ретінде де, бастық ретінде де өте жақсы адам. Халықтың түрлі мәселелерін шешеді. Әрдайым көмектеседі. Біз оған сенеміз.

8  Наурыз – халықаралық әйелдер күнінде Гуля Түкенқызы ауылдың көпбалалы аналары мен ақ жаулықты әжейлерді кең дастархан басына жиып құттықтаймын дейді. Кешкісін мерекені дәстүр бойынша отбасымен бірге қарсы алмақ.

 Жеңіс Ермұқанов