Бизнес және экономика

Өз ісіңе қызығушылық болған жерде жұмыс та алға басады



 

  Меденниковтар 90- жылдары Қазақстаннан Германияға қоныс аударып та көрді. Бірақ ол жақты жерсінбеген отбасы бүгінде туған жерге оралып, өз істерін Аққайың ауданында дөңгелетіп отыр. Шұжық жасауға қажет шикізат жергілікті тұрғындардан, көрші ауылдардан жиналады. Сондықтан мұндағы шұжықтың толық табиғи өнімнен жасалатынын тұтынушы анық біледі. Ал сан түрлі шұжықтың рецебін әзірлеу үшін арнайы мамандардың көмегіне сүйенеді. 10 жылда тұрақты әріптестік орнатқан Иртуган Акчурин өндіріс орны үшін бұл жолы да дәмдеуіштің жаңа түрлерін әкелген.

  Иртуган Акчурин,  «БК Джюлини» компаниясының технологы:

-Өте жақсы цехтардың бірі. Ауылдық жерде бұндай цехты жиі кездестіре алмайсың. Бұл жолы екі-үш дәмдеуіш әкелдім. Осылардың көмегімен барлығымыз бірігіп, бірнеше шұжықтың құнын төмендетуге тырысамыз.

«Чаглдорф» Шағалалы ауылының бренді іспеттес. Жас қара малдың еті қолданылады. Бүгінде Меденниковтардың шұжықтары ауылдағы дүкеннен облыс орталығына, Астана, Алматыға дейін жол тартады. 150- ден аса шұжықтың әрқайсысының ерекшелігі бар. Сұрпына қарай бағалары да әр түрлі. Бір жылдан бері «Премиум» класты шұжық түрі де саудаға шығарыла бастаған.

  Светлана Меденникова,  «Меденников С.Ф.» ЖК жетекшісі :

-Әлемдік өндірушілердің рецептеріне сай шұжықтың бірнеше түрін игердік. Негізінен Алматыдан ғана сұраныс түседі. Сол жақтағы арнайы дүкендер үшін жасаймыз.

Әр жаңа шұжықты енгізу – ұжым үшін жаңалық. Бүгінде мұнда 30- ға тарта адам еңбек етіп жатыр.


  Светлана Польгун:

-Төрт жылдан бері осында жұмыс істеймін. Өнім түрлері өзгеріп тұрады. Жаңа шұжықтар жасау өте қызықты.

Светлана Федоровнаның айтуы бойынша таза еттен шұжықтың сан түрін әзірлеуге болады. Әрі бүгінде қондырғылар мен технология да қолжетімді. Ал алған несиелерді өтеуде мемлекеттік қолдау айтарлықтай.

  Светлана Меденникова:

-Осы уақыт ішінде қанша несие алсақ та барлығы бойынша мемлекет пайыздық ставкасын субсидиялады. Жаңа технолоияларды енгізгеніміз үшін грандтар берілді.

Светлана Меденникова аудандық, облыстық ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесінен қалмайды. Тұрмысы төмен отбасыларына көмек қолын созудан да тартынбайды. Мемлекеттің көмегіне сүйеніп, ауылдастарына жұмыс беріп отырған кәсіпкер “өз ісіңе деген қызығушылық болған жерде жұмыс та алға басады” деген қағиданы ұстанады.

Әсем Рахметова