Бизнес және экономика

“Основание” серіктестігі енді құрылыс материалдарын өзі шығармақшы

 

 

 

 

Бүгінде “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі -облыстағы іргелі құрылыс компанияларының бірі. Өңірдегі соңғы жылдары бой көтерген жаңа білім беру, денсаулық сақтау нысандары, көпқабатты тұрғын үйлер – осы кәсіпорын ұжымының еңбегі. Ал компания жұмысын бастаған тоқсаныншы жылдары жағдай мүлдем өзгеше болатын. Сегіз жыл бойы Ресейде еңбек етуге мәжбүр болдық дейді кәсіпорын директоры Сергей Тимофеев. Ол кезде мемлекеттік бағдарламалар болған жоқ. Сондықтан серіктестік жеке тапсырыстар бойынша жұмыс жасаған.

  Сергей Тимофеев,  “Основание” ЖШС директоры:
– Түмен облысында еңбек еттік.
Әрине, амал болмағандықтан. Кәсіпорынды аяққа тұрғызу қажет болды. Құрылысшыларды сол жаққа таситынбыз. Ал бұл 100 адам. Оңай емес, әрине. Осылай 2000 жылға дейін жұмыс істедік.

Ал қазір кәсіпорын негізінен мемлекеттік тапсырыстарды орындайды. Соңғы бірнеше жылда ғана алты жаңа нысанды пайдалануға берген. Бүгінде облыстағы үш балабақшаның құрылысын жүргізіп жатыр. Тайынша ауданындағы мектепке дейінгі білім беру мекемесін биылғы жылы халық игілігіне тапсыру межеленген. Сонымен қатар облыс орталығында кәсіпорынның өз қаржысына жаңа көппәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Тәуелсіз Қазақстанмен бірге өсіп-өркендеп келе жатқан серіктестік ұжымының алға қойған жоспары үлкен. Олар әрі қарай дамып, құрылыс материалдарын өздері шығаруды көздеп отыр. Ал бұл үшін елімізде жағдай да бар, мүмкіндік те мол. Тек алға айқын мақсат қойып, оған жету жолында аянбай еңбектену қажет.

 Айымгүл Әбілева