ТКШ

Облыс орталығында үлкен өзгерістер болады

 

Үстіміздегі жылы есептік кездесулерде қала тұрғындарынан 439 шағым-ұсыныс түскен. Олардың сексен екі пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелеріне қатысты. Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтың айтуына қарағанда, биыл бұл бағытта үлкен жұмыстар жоспарланған. Бүгінде елімізде коммуналдық секторды жаңғыртуға арналған бағдарлама әзірленуде. Оның бірінші кезеңін 2012-2015 жылдары жүзеге асыру межеленген.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
 – Біз 2012 жылды күтпей, бұл бағыттағы жұмыстарды бастаймыз. Бүгінде 660 млн. теңгенің жоба-сметалық құжаттары дайын. Биылдан бастап жөндеу жұмыстарына кірісеміз.

Тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жалғасады. Былтыр облыс орталығында мемлекеттің көмегімен 40 үй ауласы жөнге келтірілген. Биыл олардың қатары жүзге жетпек. Бұл бағытқа жергілікті бюджеттен  25 млн. теңге қарастырылып отыр. Қуантатыны, осы жылы республикалық трансферттер бөлінбек. Тек енді тұрғындардың қарап қалмай атсалысқаны абзал. Тағы бір маңызды жайт, облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға арналған бағдарлама аясында қалалықтарға баспаналарын күрделі жөндеуден өткізуге мемлекет тарапынан жәрдем жасалмақ. Қоғамның әлжуаз топтарына берілетін тұрғын үй көмегінен басқа, төмен пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімдік несиелер ұсынылады.

  Нұржан Әшімбетов,  Петропавл қаласының әкімі:
-Жеңілдетілген шағын несиелер беріледі. Бұл механизмнің қалай жұмыс істейтіні Үкіметте қаралып жатыр. Арнайы акционерлік қоғам құрылды. Ол тұрғындарға несие беретін болады.

Тұрғындарды жаңа баспанамен қамту да айырықша назарда. Үстіміздегі жылы Юбилейный көшесіндегі жалға берілетін үш коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілмек. Ал Бензострой ауданында осындай көппәтерлі төрт үйдің құрылысы басталады. Бұнымен қатар ипотекалық баспаналар бой көтереді.
 

 Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Жылда ипотекалық үй салынатын болады. Биыл бюджеттен екі үй салуға ақша бөлініп жатыр. Бірі – Юбилейный көшесінде, екіншісі – Жамбыл көшесінде бой көтереді.

Қаланы көріктендіру бағытында да қыруар жұмыс көзделген. Көшелерді көгалдандыруға 48,6 млн. теңге қарастырылып отыр. Жолдар жөнге келтіріледі.
Үстіміздегі жылы ел тәуелсіздігіне жиырма жыл. Айтулы оқиғаны жоғары деңгейде атап өтудың маңызы айрықша. Бұл бағытта іс-қимыл жоспары әзірленді. Оның аясында облыс орталығында ауқымды шаралар өткізу жоспарланған.

Айымгүл Әбілева