Білім

Жолдау жүктеген міндеттер

 

 

 

 

Бүгінде М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж аудармашы,  ақпараттық жүйелер, бастауыш сынып, қазақ тілі және әдебиеті, ағылшын тілі мен өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімдерін даярлайды. Орта кәсіптік білім беру мекемесі еліміздің өзге оқу ордаларындағыдай сапалы білім беру үшін заман талабына сай жабдықталған. Интерактивті тақталар мен компьютерлер ғаламтор желісіне қосылған.

Бақыт Амалбекова, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің тарих пәнінің оқытушысы:
– Мені қуантатыны мұғалім ретінде Елбасымыз білім саласына аса назар аударып отыр. Мен сабақ беру барысында жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушыларға жоғарғы деңгейде білім бере аламын. Әрине мұның барлығы  Елбасымыздың білім саласына зейін қойып, аса назар аударуының нәтижесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында өмір бойы білім алу әр қазақстандықтың жеке ұстанымына айналуы тиіс деген болатын. Оқу мекемесінің қабырғасында жылдың маңызды әрі басты құжатын талқылауға жиналғандарды негізінен білім саласын жетілдіруге қатысты бағыт-бағдарлар қызықтырды.

Руслан Құсайынов, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:
–  21-ші ғасыр білімді, білікті жастардың қолында. Жастардың білім алуына үлкен мүмкіндіктер жасалып отыр. Шетелдерде халықаралық деңгейдегі жоғары оқу ордаларында білім алып жатса, қазіргі таңда осындай жоғары оқу орындары өзімізде ашылып жатыр. Оның дәлелі Назарбаев университеті.

Дөңгелек үстелдегі қызу әңгіме екі тілде өтті. Бұл да жолдауда қозғалған тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Әлия Балтабаева, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің қазақ тілі және әдебиет пәндерінің оқытушысы:
 – Елбасы тілдің үштұғырлығына үлкен көңіл бөледі. Әсіресе қазақ тіліне. Алдағы 10 жылда республика халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгеруі керек деп талап қойды. Мен қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқытушысы ретінде бұған өз үлесімді қосамын.

 
Отырыста тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысының жетекшілігімен 20 жылда жеткен толағай табыстарда әңгіме өзегіне айналды.

Бақыт Амалбекова, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің тарих пәнінің оқытушысы:
– Осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанның бүгінгі жетістіктері жайлы армандауға да болмайтын еді. Бүгінде республикамыз дүниежүзінде экономикасы қуатты әрі серпінді дамып келе жатқан демократиялық мемлекет және халықаралық қауымдастықтардың беделді мүшесі болып табылады.

Жиынға қатысушылар жарқын болашақтарын Тұңғыш Президентпен байланыстырып отыр.

Ақгүл Төлебаева, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті:
 – Әр қазақстандық  Елбасының жіті назарында. Оның салиқалы саясатынан ешкім де шет қалмайды. Бүгінде еліміздегі халықтың әл-ауқаты жоғары деп санаймын. Биыл мен бірінші рет сайлауға қатысқалы тұрмын. Өз даусымды халық сенген, өзім сенген Президентке беремін.


Жеңіс Ермұқанов