Әр түрлі

Тағыларға қамқорлық

 
Қорықшылар биылғы қыста жеткізілген қайың жапырағының түгел желініп жатқандығын айтады. Орман ішіндегі қар белуардан. Еліктер  қарды теуіп азығын жей алмайды. Сондықтан екі-үш күнде бір рет қорықшылар арнайы көлікпен қатынап, шөп, қайың жапырағын, қолға түссе,  бидай қалдығын тасып тұрады.

Сергей Слепцов, Бескөл аң шаруашылығының аға қорықшысы:

 

 

– Қорықшы болып істегеніме бес жыл. Осы уақыт ішінде аңның жапырақты бұлай жегенін көрмеппін . Өткен жылдары салғанымыз сол күйі қалатын. Қазір түк қалдырмай жеп кетеді. Негізінен еліктер мен қояндар келеді. Түлкі өз тамағын өзі табады.

Бұл жолы да жабайы жануарларға азық жеткізуге бірнеше қорықшы шықты. Жапырақ жаз бойы даярланған. Бұл жұмысқа аңшылар да қол ұшын береді екен. Жапырақпен қатар кей жерлерге тұз тасталады. Бірақ қыста тұз жалаушылар аз екен.
Сергей Слепцов қорықшылыққа бала күнінен әуес болғанын айтады. Өзі қоректендіріп жүретін еліктер кейде жанына да келеді екен.

Сергей Слепцов, Бескөл аң шаруашылығының аға қорықшысы:

-Жасымнан табиғатқа жақынмын. Красный бор қорығындағы бір қорықшының үйінде 2-3 айлап тұратынмын. Сол қорықшыға кішкентай күнімнен еріп жүрдім.

Кішкентай Юра да сондай. Атасымен бірге жапырақ таратуға жиі келеді.

 Юрий Слепцов:

-Жануарларға азық таратамыз. Қыста олар тамақ таба алмайды.

Бұл жолы қарда жүргіш көліктің даусынан шошыған еліктерді камераға түсіру оңайға соққан жоқ. Дегенмен азық іздеп келген бірнешеуі көзге ілікті. Азық тасу жұмысын орман мекемесінің мамандары да бақылауда ұстайды.

Вячеслав Салтыков, Қызылжар орман мекемесінің аң шаруашылығын жүргізуші:

– Әрбір мекеме қыста жем-шөп жеткізуді ұйымдастырады. Біз рейдтер жүргізіп, ормандарды жалға алғандар атқарып жатқан жұмыстарды тексереміз. Заңсыз ағаш кесу, аңшылық жасалмауын қадағалаймыз. Яғни жалға алушы барлық талаптарды орындауы керек.

Жем-шөп тасу облыстың барлық аң шаруашылықтарында қолға алынған. Бұл жұмыс қаңтардан басталып, наурыздың соңына дейін жалғасады.

Әсем Рахметова