ТЖ

Наурыздың 1-і – бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні

 

 Петропавлдағы  2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымында 52 қызметкер бар. Олардың барлығы қаладан оқшау орналасқан Заречный, Борки поселкелері, Былғары зауыты кенті мен қаламыздың солтүстік және солтүстік-батыс бөлігіндегі тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап береді. Бүгін өрт сөндірушілер арнайы киімдерін төтенше жағдайға байланысты емес, оқу- жаттығулары үшін киген. Құтқарушылар қоғамның ең кішкентай өкілдері – жасөспірімдерді тілсіз жаумен күресудің оңтайлы әдіс-тәсілдерімен таныстыруда.

  Болатжан Асқарбеков,  Петропавлдағы  2-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі жеке құрам бастығының орынбасары:
– Біз мектеп оқушыларын шақырып, оларды техникалық құрал-жабдықтармен таныстырамыз.
Әзірге бізге қазақ мектеп гимназиясының шәкірттері  келді. Түстен кейін адам көп жүретін объектілерде шеберліктерімізді көрсетеміз. Ол Юбилейный көшесіндегі нөмір 5 мекен-жайы бойынша өтеді.

Барлығын білуге әуес жас буын ең алдымен өрт сөндірушінің сайман-құралдарымен танысты. Мәселен, арқаға ілінетін баллон оттегімен толтырылған. Оның салмағы 10,5 кг. Жаттығу сабағының жетекшісі Болатжан Асқарбеков бұл құралдың от ортасында жалынмен күресетін құтқарушыға таза ауа жұтуға көмектесетінін айтады. Алайда баллондағы оттегі 30-35 минутқа ғана жетеді.
Балалар баспалдақ, қабырға тескіш, санитарлық зембіл сынды түрлі құралдармен танысты.

 Мәдина Төлегенова,  қазақ мектеп- гимназиясының оқушысы:
 – Жыл бойы өрт қызметіне байланысты дайындық жасаймыз.
Өрт қызметінің ережесін білеміз. Олардың қызметі қиын. Оңай емес.

Оқытушылар мұндай сабақтар тәрбиеленушілерді  оқыс жағдайлардағы азаматтық қорғаныс шараларына дайындайды дейді.

  Жібек Дүйсенбаева,  қазақ мектеп- гимназиясы директорының бейімдеп оқыту жөніндегі орынбасары:
 – Адамға ең қауіпті жау ол – өрт. Сондықтан өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтау керек. Педагогтар оқушыларды өрт қауіпсіздігімен таныстыруы керек.

Оқу шараларына қатысқан жеткіншектер ағаларына ауыр еңбектерінде сәттілік тіледі. Ұлдардың басым көпшілігі болашақта олардың қатарын толықтыруға уәделесті.

Гүлден Сәрсенбаева