Әр түрлі

Қысты шығарып салу



 

  
Қысты шығарып салу дәстүрі көптен бері ұмыт қалып, тәуелсіз елемізде жаңғырып жатқан мағыналы мерекелердің бірі. Биыл мерекелік шаралар қаланың 10 шағын ауданында ұйымдастырылды. Ашық аспан астында сахналар орнатылып, өңіріміздің шығармашылық ұжымдары көктемді ән-жырмен қарсы алып, ойын суық құрды.

Облыс халқының қуанышына өңір басшысы Серік Біләлов ортақтасып, думанды бірге тамашалады. Самауыр мен қазан қайнап, жиналған қауым құймақ, ыстық шай мен палаудан дәм татып, әрбір ұлттың асханасының аспаздық ерекшелігімен таныса алды. Тіл үйірер дәмді тағамдар тегін таратылды.

Людмила Хоренко
, “Орыс қауымы” ҚБ мүшесі:
Бұл күндері барлығы бір-біріне қонаққа барады. Кең дастархан жайып міндетті түрде құймақ құю керек. Осыған дейін болған реніштерді ұмытқан жөн.

Достық пен ауызбіршілікке шақыратын мейрамнан өңіріміздің «Ұрпақ», «Қазақ тілі» мәдени-ағарту орталықтары да шет қалмапты. Домбыраның әсем сазымен қымыз сапырылып, жиылғандарға қазақы қонақжайлықпен ұлттық тағамдар ұсынылды.

Болат Қожахметов,” Қазақ тілі» мәдениағарту орталығы” ҚБ мүшесі:
Бұл мейрам масленица ғой. Бірақ қысты шығарып салу деген бәрімізге ортақ мереке. Сондықтан «Қазақ тілі»  қоғамы да, «Ұрпақ»  та ат салысып отыр. Қысты шығарып салып жайдары көктемді қарсы аламыз. Бұдан артық қандай қуаныш керек.

Осылайша Қарасай мен Ағынтай батыр ескерткішінің маңы думанға айналды. Баянның сүйемелдеуімен ән шырқалып, қонақтарды Украин, Башқұрт қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қарсы алды.

Аркадий Польшаков:

-Су бүйрек, асқабақ, картоп пен қырыққабаттан әзірленген тағамдарсыз біздің бір де бір мерекеміз өтпейді. Бүгінде дәруменге толы асымызды солтүстікқазақстандықтардың назарына ұсынып отырмыз. Біздің бұрышымызда тарихымыз, бен салтымыздан сыр шерттер көріністер қойылды.

Бұл алаңда да өзгелеріндей бағанаға тігілген жүлдеге өрмелеп шығу сыны ұйымдастырылды. Су құйылған аршаға мінуге талпынған жігіттердің әрекеттері әзірге нәтиже беретін емес.

Александр Мовзезов:

– Су көп құйылған болар, тым сырғанақ. Десе де өте қызықты. Күшімді енді бір сынап көремін. Бұл жолы қол-аяғымды бағанаға жапсырып алудың амалын іздеймін.

Темір жол ауданындағы мерекені ұйымдастырушылар балаларға көп көңіл бөліпті. Халық мерекелік концертті тамашалады. Ыстық астан дәм татып, көңілді жарыстарға қатысты.  Бензострой кентінде де ересектер ашық аспан астында биге басып, ойындарда көңіл көтеріп жатқанда балалар қар мен мұздан соғылған қалашықта сырғанақ теуіп қызыққа бөленді.
Сондай-ақ бұл жерде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі Серік Біләлов саудаға шығарылған мал азығының бағасымен таныс болды.
Ең көп халық Жеңіс саябағында өткен қысты шығарып саулу мерекесіне қатысты.

Тұрғындар:
– Елімізде христиандардың да, мұсылмандардың да дәстүрлері бірдей сақталады. Бүгін осының куәгері болдым. Қайда бармасам да салттарынан ақпар беретін көріністер қатар қойылған. Бұл халықтар достығының айқын көрінісі емес пе? Алда – Наурыз. Ол мерекені де барлығы бір адамдай тойлайды.

Жеңіс саябағында дәстүрге сай сабаннан жасалған қаһарлы қыстың бейнесі отқа жағылып, шуақты көктемді қарсы алу рәсімі өтті.
Серік Біләлов сондай-ақ Жұмысшы кентінде де болып, мейрамдаушыларды құттықтады.

Жеңіс Ермұқанов